2018 жылы пайдаланылмай жатқан 2,5 млн гектар жер анықталған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті.

«Бүгін де ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекеттік бақылау аудандық атқарушы органдарға жүктелген. Осылайша, жер учаскелерін немесе оларды заңсыз пайдалану жауапкершілікке алып келеді. Яғни, мәжбүрлі түрде алып қоюға жатады. Бұл нормалар 2015 жылы қабылданған болатын», - деді Арман Евниев Парламент Мәжілісінде өткен «Жер ресурстарын тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің айтуынша, пайдаланылмаған жерлерді алып қоюдан басқа жер салығын он есе ұлғайту шаралары да қолданады.

«Алайда жауапсыз жер пайдаланушыларының барлығынан мәжбүрлі түрде алып қою фактілері салық органдарында өте сирек кездеседі. Ескере кетерлік жәйт, бүгінгі күні жерлерді ұтымды пайдалану бойынша мемлекеттік бақылаудың тиімді механизмі жоқ. Жерді тартып алу бойынша қолданыстағы механизмдер ұзақ әрі күрделі. Осы жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша пайдаланылмаған және жер заңнамасын бұза отырып пайдалану бойынша 2,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталған», - дейді вице-министр.

ҚазАқпарат

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) басқарма төрағасы Андрей Бельяниновпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Банк жұмысының 2018 жылғы қорытындысы және қызметтің алдағы жылға арналған перспективалық бағыттары қаралды. Сонымен қатар, Банктің ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуы жөніндегі мәселелер талқыланды.

Бұдан өзге, ЕАДБ техникалық көмек көрсету қорының жұмысын жетілдіру мәселесіне көңіл бөлінді.

Еуразия даму банкі — Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бастамасымен 2006 жылы құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан да Банк қатысушылары. ЕАДБ жаңа қатысушылар – мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қосылуын құптайды. ЕАДБ штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Банктің барлық мүше елдерде аумақтық бөлімшелері бар.

Банк миссиясы — қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсіміне, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюіне және еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістердің дамуына жәрдемдесу. Банктің инвестициялық қызметінің басым мақсатты салалары — инфрақұрылым (көлік, коммуналдық және т.б.), электр энергетикасы, машина жасау, химия, мұнай-газ, металлургия және тау-кен өндіру өнеркәсібі, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені, қаржы секторы және ақпараттық технологиялар.

2018–2022 жылдарға арналған стратегияға сәйкес, Банк жобалық-инвестициялық қызметпен қатар, акционер мемлекеттердің экономикалық бірігуін ілгерілету мақсатында есептік-клирингілік операцияларды жүзеге асырады.

www.primeminister.kz

2020 жылы Қазақстанда оқу жетістіктерін сыртқы бағалау (ОЖСБ) жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астанада министрлік алқасының кеңейтілген отырысында хабарлады.

"2020 жылы ОЖСБ өткізу процедурасын тоқтатуды жоспарлап отырмыз. Жоғарғы оқу орындарына академиялық еркіндік берілгендіктен, ОЖСБ өткізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Биыл бас тартқымыз-ақ келді, бірақ ол үшін заңнамалық нормалар қабылдануы керек. Биылғы қарашада информатика, қазақ тілі, ағылшын тілі және философиядан соңғы ОЖСБ өтеді деп үміттенеміз", - деді Е. Сағадиев.

Сонымен бірге, министр биыл педагогикалық мамандық түлектерінің ұлттық біліктілік тестілеуінен өтетінін жеткізді.

"Бұл модератор санатын иеленіп, жоғары жалақы алғысы келетін түлектерге қатысты. Диплом алуға еш әсерін тигізбейді, бірақ болашақта барлық педагогикалық мамандық түлектеріне ұлттық біліктілік тестілеуінен өту міндеттеледі. Мұны міндеттеуден бұрын кең ауқымда талқылау жүргіземіз", - деді ол.

ҚазАқпарат

Өңірлерде дәрігер жетіспеушілігін жою - жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Елжан Біртанов  айтты.

«Дәрігерлердің түрлі деңгейде жетіспеушілігі бар. Анестезиолог-реаниматолог, психиатр, терапевт, акушер-гинеколог мамандар тапшы. Штаттық лауазымдар тапшылығы жоғары емес. Бүгінгі күні ол шамамен 2,5 мыңға төмендеді. Дегенмен, бұл шынайы дерек емес. Штаттық норматив ескірген нормаларға сәйкес айқындалады және бос бірліктерден тұратынын білеміз. Оларды жалақы қоры болуы үшін әдейі бос ұстаймыз», - деді министр.

Осы орайда ол кей өңірлерде дәрігерлердің қосымша жұмыс істеп жүргеніне назар аударды. Мәселен Шығыс Қазақстан облысында 16 дәрігердің орнына 10 дәрігер жұмыс істеуге мәжбүр. Мұның объективті де, субъективті де себебі бар.

«Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін жалдау - жергілікті атқарушы органдардың міндеті.  Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің емес, бас дәрігердің жұмысы. Дәрігерлердің жеткілікті санын оқытып шығардық. Бұл жылына шамамен 5,5-6 мың медицина қызметкерін құрайды. Бірақ, олар жұмыс орындарына жете бермейді. Себебі оларды өңірлер қызықтыра алмай отыр», - деді Е.Біртанов.

Оның айтуынша, өңірлерде барлық дәрігерге бірдей әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Ауылға келген жас мамандар  әлеуметтік көмекті толық көлемде ала алмайды.

«Ағымдағы жылы түлектерді міндетті түрде бөлу және таңдау құқығын бастаймыз. Жас мамандарға ең алдымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан барынша қолдау болатын өңірлер ұсынылады», - деді министр.

ҚазАқпарат

2019 жылғы 14 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірінші кезекті нысандардың құрылыс барысымен танысып, өңірді дамыту келешегі жөнінде кеңес өткізді.

А. Мамин облыс әкімдігі ғимаратының, сауда орталығының құрылыс алаңдарын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, тұрғын үй алабының және басқа нысандардың құрылыс жұмыстарын тексерді. Сонымен қатар, «Күлтөбе» музей-қорығы құрылысының басталғанын көріп, отандық өндірушілердің құрылыс материалдарының көрмесіне барды.

Бірінші Вице-Премьер А. Мамин, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдері Ж. Түймебаев пен Қ. Көшербаев қызылордалықтардың өңірге сыйы – Шығыс моншасы — жаңа нысанының іргесін салды.

Түркістан облысын дамыту перспективалары жөніндегі кеңесте А. Мамин құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту салаларында мол тәжірибесі бар өңір әкімінің жаңа бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовты таныстырды. Ол Ақмола облысының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы өңірлік даму вице-министрі қызметтерін атқарған.

«Елбасының тарихи шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары басталды», — деп А. Мамин, қаланың құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

2018 жылғы желтоқсанда нәтижесі шығарылған халықаралық сәулет байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан өңірлері мен ұлттық компаниялар бірегей нысандарды салады.

Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары қала саябағын салуға кіріседі, Павлодар облысы — Халыққа қызмет көрсету орталығын, Ақтөбе облысы — Қожа Ахмет Яссауи және Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін реконструкциялап, абаттандырады, Атырау облысы — «Ұлы дала елі» кешенін, Шығыс Қазақстан облысы — музыкалық фонтандар, Солтүстік Қазақстан облысы — Олимпиада қорының спорт мектебін, Жамбыл облысы — «Әзірет Сұлтан» ислам мәдениет орталығының визит орталығын, Батыс Қазақстан облысы — музыка мектебін, Қостанай облысы — Неке сарайын, Алматы қаласы — медиа орталық, Шымкент қаласы — ғылыми-әмбебап кітапхана және т.б. салады. Аталған тізімдегі бірінші кезекті нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Кеңес барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев Түркістан қаласындағы бірінші кезекті нысандардың құрылыс барысы туралы баяндады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ. Өскенбаев облыс орталығының тұрғын үй құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйесі, газдандыру, жылумен және электрмен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыру туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, облыс әкімдерінің орынбасарлары және мердігерлік ұйымдардың басшылары сөз сөйледі.

Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары А. Мамин кеңес қорытындысын шығара отырып, нысандар құрылысын оперативті түрде әрі сапалы жүргізу қажеттігін, оларды уақытылы пайдалануға беруді, Түркістан қаласында жаңа нысандардың жұмысын бастау қажеттігін атап өтті.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен еліміздің азаматтарының табысын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жұмыс кеңесі аясында халықтың әлсіз топтарын, әсіресе көп балалы отбасыларды қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Еліміздің өңірлерінде көп балалы отбасылармен кездесулер және аулаларды аралау барысында жұртшылықтан түскен нақты ұсыныстар қаралды.

Е. Досаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту — Үкімет жұмысының ҚР Президенті Н. Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында атап көрсеткен басты басымдығы екенін атап өтті. Осыған орай, азаматтардың табысының өсуін қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі міндеттер орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.

Жұмыстың негізгі бағыттары ретінде мыналар анықталды:

бюрократиялық рәсімдерді оңайлату арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуды жеңілдету;

мемлекеттің қолдауына мұқтаж көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіру;

жергілікті атқарушы органдар жекелей көп балалы отбасыдан шыққан балаларды бастауыш сыныпта тегін ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жол жүру билетімен қамтуды және т.б. кеңейту мәселесін қарастырады;

аса мұқтаж көп балалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту тұрғысынан муниципалды арендалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мүмкіндігі жекелей қарастырылады.

Кеңеске «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ селектор режимінде — жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Бұдан өзге, бүгінгі отырысқа сараптамалық қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еліміздің барлық өңірінде оперативтік штабтар құрылғанын айтты. Халықпен және бастамашы топтармен кездесулер өткізілуде, сонымен қатар балалы отбасылардың тұрғын үй-тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында аулаларды аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде жергілікті жерлерде ұсынылатын түрлі әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау қызметтері, білім беру, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты 1500-ден астам ұсыныс жинақталған. Азаматтар әкімдіктерге жүгіну арқылы қосымша ұсыныстарын жеткізе алады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері туралы баяндады. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша нақты тетітер әзірленіп жатыр. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев жаңа мектептер салу, бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін тамақпен қамту үлесін кеңейту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, олардың қолжетімділігін арттыру және балаларды денсаулық сақтау жүйесімен қамту бойынша орындалып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Үлестеу тетігі көп балалы отбасылардың мүшелеріне, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қымбат тұратын процедураларды, дәрі-дәрмек түрлерін, стоматологиялық қызметтерді және т.б. алуына мүмкіндік беретіні аталып өтті. Өз кезегінде, қаржы министрі Ә. Смайылов бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы туралы баяндады. Республикалық бюджеттен 2019 жылға әлеуметтік салаға 4,8 трлн теңге бағытталады, бұл бюджеттің барлық шығындарының 45% құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала шығыстарының үлесін одан әрі арттыру жұмыстары жалғаспақ.

Жұмыс тобының келесі отырысы 21 ақпанда өткізілмек.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті.

Отырыс барысында халықаралық қаржы ұйымдарымен еліміздің өңірлерінде инфрақұрылымды жаңғырту саласында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

ҚР экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия — консультациялық-кеңестік орган. Отырыстардың мақсаты — Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттігін және тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі шешімдерді әзірлеу және қабылдау. 

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануына байланысты ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметінен босатылды.

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Елдос Рамазанов ҚР мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Е. Рамазанов 1971 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық секторда, ұлттық компанияларда жұмыс істеген.

2004–2006 жылдары — Экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары — ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған.

2018 жылғы ақпаннан бастап «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төраға кеңесшісі, бас директор лауазымдарын атқарған. 2018 жылғы маусымда «Ұлттық Олимпиада комитеті» ҚБ бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған.

2018 жылғы қазан айынан бастап — «Дзюдо федерациясы» РҚБ вице-президенті.

www.primeminister.kz

ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің штаты 40 пайызға қысқаратын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Әлихан Смайылов айтты.

"Экономикалық тергеу қызметін қайта құру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қажетті заңнамалық нормалар қабылданып, заңнан туындайтын актілерді қабылдау процесі аяқталуда",  - деді ол.

Оның айтуынша, Экономикалық тергеу қызметінде қаржылық қылмыстардың алдын алуға, орын алған жағдайлар мен себептерді анықтауға, капиталды шетелге заңсыз шығарудың жолын кесуге және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстарына екпін беріледі.

"Штатын 40 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Үнемделген қаражат Экономикалық тергеу қызметіндегі жалақыны көтеруге жұмсалатын болады", - деді Ә.Смайылов.

ҚазАқпарат

Мұрағат

Ақпан
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту