Қазақстандағы астық нарығындағы жағдай мен нан бағасы туралы ҚР Үкіметінің орталығында өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтып берді.

Оның айтуынша, өткен жылдың соңынан бастап биылғы жылдың басына дейін өңірде астық бағасының оң өсімі байқалды, сонымен қатар, сұраныс та артты. 3 класты бидайдың бір тоннасының бағасы 75 мың теңгеге дейін жетті. Бұл бізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік нарықта бағаның өзгеруімен байланысты болды.

«Соңғы екі аптада біз ішкі және экспорттық нарықтарда астық бағасының өсуінің төмендеуін байқап отырмыз. Соның салдарынан 3 класты бидайдың бір тоннасы үшін сапасына қарай баға 65–67 мың теңгеге дейін төмендеді», — деді ол.

Бұл астық қолхаттарымен жасалатын мәмілелердің 100%-ы дерлік тіркелетін Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізіліміндегі сауда-саттық деректері бойынша да расталып отыр.

С. Омаров айтқандай, қазіргі уақытта республикада ресми статистикаға және әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 10,5 млн тоннаға жуық астық бар, оның ішінде лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында 3,7 млн тонна, ұн тарту кәсіпорындарда 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 6,3 млн тонна астық сақталуда.

Көрсетілген деректер Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізілімі порталындағы есептіліктермен расталады, онда онлайн режимінде астық қолхаттарын шығару құқығына ие, лицензиясы бар барлық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын бақылап отыруға болады.

«Есептік мәліметтер бойынша, қолда бар астық көлемі экспорттың жоспарлы көрсеткіштерін қамтамасыз ету және елдің ішкі сұранысын қамту үшін жеткілікті. Қазіргі кезде 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы азық-түлік қажеттіліктеріне, 1,6 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Бұл орайда, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына дейін экспортқа 2,2 млн тонна астық жөнелтуді жоспарланып отыр, осы сәтке дейін 6,7 млн тонна астық тиелді. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгін Astana Hub АT-стартаптар халықаралық технопаркін аралап, әзірленіп жатқан бірқатар жобаларды көрді және цифрландыруды дамыту мәселелері туралы кеңес өткізді.

Хабты аралау барысында А. Мамин стартап-жобалардың, «Шеберхана» прототиптеу зертханасының, R&D зертханасының өкілдерімен, Бизнес періштелер клубының инвесторларымен және өкілдерімен кездесті.

Цифрлық технологияларды енгізу жөнінде жұмыс кеңесі өтті. Қазақстанда цифрлық технологияларды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, «Зерде» басқарма төрағасы Е. Дүрмағамбетов баяндады. Бүгінде Astana Hub Хаб қатысушылары үшін жеңілдікті салық режимін, сондай-ақ шетелдік қатысушылар үшін виза алудың жеңілдетілген үрдісін ұсынып отырған сүйемелдеушіге айналды. Технопаркте 150 стартап, яғни 500-ден аса кәсіпкер өз жобаларын дамытып отыр.

Премьер-Министр мәселені талқылау қорытындысы бойынша цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды енгізуді жандандыру, кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалармен стартап жобалардың қоса дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Экспо көрмесінің аумағын аралау барысында А. Мамин, сондай-ақ Көрме орталығының, АТ-университет ғимаратының құрылыс және реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Бұдан өзге, Премьер-Министрге Seed Space Astana қалалық инновациялық алаңы таныстырылды. А. Мамин сонымен қатар Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына барды, сонымен қатар Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту жөнінде кеңес өткізді.

www.primeminister.kz

Биыл магистратуға бөлінетін білім гранттарына қатысты бірқатар өзгерістер болады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, бүгінде білім гранттарын тікелей жоғары оқу орындарына таратуға басымдық берілмейді. ҰБТ-да жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі. Осылайша, жан басына қарай қаржыландыру жүйесі біртіндеп енгізіліп келеді.

«Өткен жылы аталған бастама магистратуда 21 мамандық бойынша сынақтан өткізілген болатын. Биыл заң нормалары бойынша магистратура бөлімі грант тағайындаудың жаңа моделіне толығымен көшеді. Осының арқасында магистратураға түскен адам грантты алады да, жоғары оқу орнын өзі таңдайды. Соған қарай мемлекеттік тапсырыс та жасалады, жоғары оқы орындары грантқа түскен магистранттардың таңдауына қарай қаржыландырылады», - деді Т.Ешенқұлов ҚР Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, гранттарды тағайындаудың жаңа жүйесі тек докторантураға ғана қатысы жоқ. Ол жерде бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс тікелей жоғары оқу орындарына беріледі.

«Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс 1,7 есеге өсті», - деп атап көрсетті Т.Ешенқұлов. 

ҚазАқпарат

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

«Екі ел соңғы жылдары мұнай мен газ саласында айтарлықтай әлеуетті дамытты. Бүгінде мұнай-газ жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі ел үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, мұнай-газ-химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамытылады. Көрші мемлекеттердің ынтымағы артуы үшін географиялық жағдайлар да ескерілді», - деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған келісімді ратификациялау біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мұнай экспортын ұлғайту үшін Өзбекстанға шикі мұнай жеткізу, күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның оңтүстігін табиғи газбен үздіксіз қамту мәселесі шешіледі.

Бүгінде Өзбекстанның мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам Қазақстан мұнайы жеткізілді.

«Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр стансасындағы теміржол цистерналарына ауыстырып тиеу арқылы «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф бір тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды», - деді ол.

Белгілі болғандай, РФ тарапы өзбек жағының сұрауына сәйкес, Өзбекстанға жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады.

«Жалпы айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан 2 млн, ал Ресейден 3 млн тонна сатып алуға мүдделі. Өзбекстанға 5 млн тоннаға дейін мұнайды тұрақты жеткізу үшін көлік инфрақұрылымына біршама инвестиция қажет», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

ҚазАқпарат

Астана, Алматы мен Шымкент қаласының шетіндегі ауылдардың инфрақұрымын дамытуға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлім етті.

«Аймақтық инфрақұрылымды дамыту бағытында 90 млрд теңге жұмсалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін бұл бағытта жалпы 920 млрд теңге ақша бөлінеді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 680 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 230 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы қадам жалпы саны 4,5 млн адамға қызмет көрсететін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді», - дейді Татьяна Савельева Парламент Мәжілісінің ҚР-ның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысы барысында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, аймақтық инфрақұрылымды дамыту үшін биылдың өзінде республикалық бюджеттен 441,3 млрд теңге, оның ішінде жергілікті жолдарды жөндеуге 115,4 млрд теңге, сумен қамту, су тарту, су шаруашылығына 171,6 млрд теңге, электр энергиясымен қамту бағытында 89 млрд теңге бөлінеді.

«Ірі қалалардың шетіндегі ауылдардың мәселесін шешу үшін 30 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде Астана қаласының шетіндегі Ақмола облысына қарасты ауылдардың инфрақұрылымы үшін 15 млрд теңге, Алматы қаласының маңындағы Алматы облысына қарасты ауылдардың инфрақұрылымына 10 млрд теңге, Шымкенттің шетіндегі ауылдарға 5 млрд теңге бөлінеді. Астана шетіндегі ауылдар бойынша жобалар қазір соңғы кезеңде. Елордада жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын 13 жоба (білім, спорт, инженерлік желі) таңдалып алынды. Осы соманың 7,5 млрд теңгесі биыл бөлінеді», - дейді Татьяна Савельева.

Татьяна Савельеваның айтуынша, Астана маңындағы ауылдарға қатысты жобалар сегіз тұрғын үй массивіндегі, атап айтқанда Көктал-1, Көктал-2, Ильинка, Үркер шағын ауданы, Өндіріс, Темір жол, Оңтүстік Шығыс аумағындағы мәселелерді шешуге арналған.

«Ақмола облысы бойынша жалпы құны 25,6 млрд теңгенің 22 жобасы (білім, денсаулық сақтау, жылумен қамту, сумен тарту, жол) іріктеліп алынды. Осы соманың 7,5 млрд теңгесі атап өткенімдей биыл аударылады. Аталмыш жобалар Қосшы, Ақмол, Қараөткел, Қоянды, Жібек жолы, Максимовка, Шұбар, Волгодоновка, Бозайғыр, Нұр Есіл мен 96-шы резъез аудандарындағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталған», - дейді ол.

ҚазАқпарат

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен өңірлерге сапарларды жалғастыру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Батыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті тұрғындарды, оның ішінде аз қамтылған отбасыларды толғандыратын мәселелермен танысты.

Облыс жұртшылығымен кездесу барысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары талқыланды, атап айтқанда, Г. Әбдіқалықова азаматтарды халықтың әл-ауқатын жақсарту мен табысын өсіру, сондай-ақ халықтың мұқтаж санаттары үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Өз кезегінде, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау туралы мәлімдеді. Мәселен, 1 сәуірден бастап балаларға 20 789 көлемінде атаулы әлеуметтік көмекті төлеу басталады. Кездесу қорытындысы бойынша Г. Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдап, облыс басшылығына халықтың жеткізген мәселелері мен ұсыныстарын пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың жетекшілігімен жұмыс тобы Ақсай қаласына, Теректі және Тасқала аудандарына барып, аудандық ауруханаларды аралап, азаматтар үшін жеке қабылдаулар өткізді.

Бұған қоса, Орал қаласында білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова мектептер мен колледждердің педагог қызметкерлерінің ұжымдарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, онда білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты ата-аналардың өзекті сұрақтарына жауап берді.

Батыс Қазақстан облысындағы бірінші жұмыс күнінің соңында Г. Әбдіқалықова аудандардың, қала түзуші кәсіпорындардың, кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізді. Онда ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды ескерту, төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбек ақысын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің, ең алдымен, жұмысшылардың аз қамтылған санатының тұрғын үй мәселелерін шешуге қатысты әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінді.

Еске сала кетейік, бұған дейін үкіметтік жұмыс тобы Атырау облысында болды, онда өңір халқымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Топ құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, журналистер мен блогерлер кіргенін айта кеткен жөн.

Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапары ертең жалғасады. Бәйтерек ауданының Переметное ауылына бару жоспарланған, онда Халықты жұмыспен қамту орталығы мен аудандық ХҚКО жұмысы тексеріледі. Бұдан кейін топ жұмысы Ақтөбе облысында жалғасады.

www.primeminister.kz

14 наурызда, бейсенбі күні сағат 15.00-де ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында астық пен нан бағасына қатысты баспасөз конференциясы өтеді.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров;

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева шара спикерлері болады.

Тікелей таратылымды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың ынтымақтастықтың түркі ұйымдарының құрылымдық реформалары, түркі интеграциясының қорын және ТМЫК бірлескен инвестициялық қорын құру бойынша ұсынған бастамаларын іске асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу барысында түркі тілдес мемлекеттердің экономика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, инвестициялық ынтымақтастық, көлік және логистиканы дамыту, бірлескен кәсіпорындарды құру әлеуеті, ТМЫК мүше мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

«Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің аясында түркі тілдес мемлекеттердің өзара іс-қимылының экономикалық күн тәртібін қалыптастыру бойынша жұмыстарды жандандыру керек», — деп А. Мамин, машина жасау, туризм, агросектор, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы, сонымен қатар жалпы “қарапайым заттар экономикасын” дамыту саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.

Өз кезегінде Б. Әміреев биыл наурызда Астанада өткен ТМЫК кеден қызметтері басшыларының отырысы туралы ақпарат берді. Жалпы, Кеңестің кеден қызметтерінің өзара іс-қимылы, мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасында Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру және сақтау мәселелері қаралды.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Атырау облысына барды.

Жұмыс тобының мақсаты — Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін түсіндіру.

Жұмыс сапарының басты маңыздылығы, өңір халқымен кездесу болды, онда халықтың аз қамтылған топтарын қолдау және табысын арттыру, кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды.

Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға: мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ халықтың мемлекеттің қолдауына мұқтаж әлеуметтік осал топтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына тоқталып өтті.  

Кездесу қорытындысы бойынша білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов бастаған шағын топтар Махамбет, Жылыой және Исатай аудандарына барып, азаматтарды жеке қабылдау, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерінің қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады.

Осы күні Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені құрылысымен танысты. 72 пәтерден тұратын бірінші блокты 2019 жылғы наурызда пайдалануға беру көзделген. Шілдеде тұрғын үй кешенінің құрылысы толықтай аяқталады.

Бұдан өзге, Г. Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының дайындығын тексеріп, Студенттер үйіне барды. Онда аз қамтылған отбасылардан шыққан жастармен өзекті мәселелерді, сондай-ақ, Жастар жылы аясында орындалып жатқан іс-шараларды жүзеге асыру барысын талқылады.

Топ құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, журналистер мен блогерлер кіргенін айта кеткен жөн.

Жұмыстың бірінші күнінің соңында аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізілді, онда жұмысшылардың еңбек ақысын уақытылы және лайықты алуына қатысты құқықтарын қорғау, өндірісті жаңғырту, жұмысшылардың еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жұмыс берушілердің, ең алдымен, жұмысшылардың әлеуметтік осал санатына қатысты әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінді. Атырау облысына жұмыс сапары жалғасуда. Жұмыс сапарлары аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары көршілес өңірлерге де жоспарланған.

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәди Төкешұлы Тәкиев ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

М. Тәкиев 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы университетті, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Түрлі жылдары Алматы қ., Алматы облысы бойынша Салық департаментінде жұмыс істеген.

2012–2013 жылдары — ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің басқарма басшысы.

2013–2014 жылдары — Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды.

2014 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2014 жылдан 2017 жыл аралығында Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2017 жылдан бастап — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментінің директоры.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту