ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ел экономикасына әсері, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы инвестициялар тарту ұлғайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне 0,2% деңгейінде үлес қосты.

1 мамырдағы жағдай бойынша жобалардың жалпы саны 2,9 трлн теңге сомасына 1285 жобаны құрайды. Оның ішінде 1,5 трлн теңге сомасына 548 шарт жасалды. Дайындық сатысында 1,4 трлн теңге сомасына 737 жоба тұр. Ең көп жобалар саны білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі.

Республикалық деңгейде 25 жоба бар, оның ішінде 9 келісімшарт жасалған, конкурс сатысында 2 жоба және жоспарлау сатысында — 14 жоба.

Жасалған келісімшарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы және Алматы қаласы көш бастап тұр.

Р. Дәленовтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандырып, рәсімдерді жеңілдету мақсатында заңнамалық түрде — бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жаңа құралы қарастырылған. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік рәсімдерін салалық мемлекеттік бағдарламаларда қарастыруға болады.

Білім беруді дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын салу жобалары іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар ұлттық экономика министрі «Дайын жобалар фабрикасын» құру туралы айтып берді, онда әлеуетті инвесторлар үшін жоспарланған және жүзеге асырылатын жобалар бірыңғай форматта және бірыңғай базада орналастырылатын болады. Бұдан өзге, халықаралық сарапшылардың соңғы ұсынымдарын имплементациялау жүріп жатыр. Халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, валюталық тәуекелдерді төмендету, ірі жобалар үшін халықаралық төрелік ұсыну, консорциумдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жекеменшік әріптестің шығындарын өтеу рәсімдерін жеңілдету жөніндегі заңнамалық түзетулер пысықталуда.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларға жан-жақты тоқталды. Қазіргі уақытта ҚР ИИДМ жетекшілік ететін салаларда МЖӘ тетігі шеңберінде жалпы 32 жоба іске асырылу және пысықталу сатысында, оның ішінде 10 жоба — республикалық, 22 жоба — өңірлік деңгейде пысықталуда.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ)» салу және пайдалану» жобасы бойынша концессионер мобилизациялық жұмыстарды аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Жол қозғалысы 2021 жылы ашылатын болады.

«Алматы – Қорғас» (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) автомобиль жолы учаскесінде «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктін салу және пайдалану» жобасы бойынша нысан 2018 жылғы 22 маусымда пайдалануға берілді. Концессионер тарапынан келісімшарт бойынша алынған міндеттемелер толық көлемде орындалуда.

«Түркістан облысының жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасы бойынша Шымкент және Сарыағаш қалалары айналма жолдарының құрылысы (150 км) мен жалпы қашықтығы 265 км жолды пайдалануға беру көзделуде. Биыл маусым айында жобаны республикалық бюджеттік комиссия отырысына шығарып, конкурс жариялау жоспарланған.

«Жол ақысын алудың ашық жүйесі» жобасын іске асыру республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автокөлік жолдарында ақылы жол жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда екі сатылы конкурс өткізу үшін техникалық тапсырма әзірленуде. Мамыр–қараша айлары аралығында конкурстық рәсімдер өткізілетін болады, келісімшарт жасасу желтоқсан айына жоспарланған.

Ұзындығы 153 шақырым «Шар — Өскемен темір жол желісін концессиялық негізде салу» жобасы іске асырылған. Аталған жоба бойынша концессия кезеңі 2028 жылға дейін анықталды. Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісіне берілетін болады.

«Алматы стансасын айналып өтетін 73,2 шақырымдық темір жол желісінің құрылысы» жобасы бойынша бүгінгі таңда конкурстың бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Біліктілік іріктеуінен 2 Қазақстан–Қытай бірлескен консорциумы өтті. Бүгінде жеке серіктесті анықтау үшін байқаудың екінші кезеңін өткізуге конкурстық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшартқа қол қою биылғы қараша айына жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2020–2022 жылдар аралығында жүргізу көзделген.

«Түркістан қаласындағы әуежайдың құрылысы» жобасы бойынша қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін әлеуетті инвесторды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала 3 компания қызығушылық танытып, ұсыныстарын берді.

Бұдан өзге, «Жүк әуетасымалы саласындағы қағазсыз құжат айналымының (e-Freight) ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу» жобасы іске асырылып жатыр. Биыл наурыз айында қазақстандық әуе компанияларының қатысуымен еліміздің барлық әуежайларында тесттік режимде «е-Freight» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланған.

Өңірлерде тұрғын-үй коммуналдық шарушылығы секторында іске асыру және пысықтау сатысында жалпы 20 жоба бар.

Сондай-ақ, Р. Скляр жылумен, сумен жабдықтау, су тарту жүйелерінде мемлекеттік сектордың үлесі 90%-дан астамды құрайтынын айтты. Сонымен қатар, аталған секторға инвестицияларды тартуды қамтамасыз ету үшін заңнамалық, қаржылық және басқа да қажетті шаралар кешені әзірленуде.

www.primeminister.kz

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин министрліктер мен өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«МЖӘ – инвестицияларды тартудың негізгі құралдарының бірі әрі экономиканың қарқынды өсуінің факторы», — деп А. Мамин, аталған тетіктің көптеген дамыған елдерде белсенді қолданылатынын атап өтті.

ҚР Үкіметінің басшысы елімізде жобалардың іске асырылуының оң қарқынын атап өтіп, МЖӘ-нің қолда бар әлеуетін толықтай іске асыруға және экономикаға шетелдік және отандық инвестицияларды тартуға жаңа серпін беріп, оның сапалы өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселені шешуге назар аударуды тапсырды.

«МЖӘ дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі», — деді Асқар Мамин.  

Қазақстанда бүгінде 3 трлн теңгеге 1300-ге жуық келісімшартқа қол қойылды және әзірлену сатысында тұр. Ең ауқымды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау секторларында іске асырылуда.

Сапаға басымдық берілген. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, өңірлердің әкімдері бюджеттен аз шығынмен іске асырылатын жобаларға баса назар аударуы керек.

Ірі инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде көлік және энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жобаларын іске асыруды жандандыру мақсатында, Министрлер кабинетінің басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуын ынталандыруда халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып, қосымша тетіктерді пысықтауды тапсырды.

«Денсаулық сақтау саласында МЖӘ жобалары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл бағыттың әлеуеті үлкен», — деді А. Мамин. Аталған тетікті қолдану ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа тәсілдерін ескере отырып жалғасын табады. Олардың қатарында «Аса маңызды» қағидаты бойынша МЖӘ-нің ірі инфрақұрылымдық жобаларын жоспарлау мен іске асыру моделі бар.

Білім беру желісі бойынша МЖӘ құралы балабақшаларды орындармен қамтамасыз ету үшін белсенді түрде қолданылуда — «Балапан» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда балабақшалардағы орындардың 40%-ға жуығын жеке сектор беріп отыр, бұл 307 мыңнан астам бала. Өңір әкімдіктеріне балабақшалар үшін жан басына қарай қаржыландыру нормативін орындауды қамтамасыз ету қажет.

«Мектептерді салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін кеңінен таратқан жөн», — деді ҚР Премьер-Министрі. — Барлық тетіктер мен құралдар әзірленген».

Қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде МЖӘ жобаларын іске асыру пысықталып жатыр. Бірлескен жобаларды дамыту мен басқару бойынша бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар.

«Экономиканы дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – әртүрлі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға жеке инвестициялар тартудың аса маңызды көзі», — деп Асқар Мамин, ҚР Ұлттық экономик министрлігіне жұмысты күшейтуді тапсырды. — «Қазақстандық МЖӘ орталығы» өз жұмысын жаңа форматқа сәйкес ұйымдастырып, инвесторларға “бір терезе” қағидаты бойынша МЖӘ жобаларын қалыптастыру және оларды сүйемелдеу орталығына айналуы қажет».

www.primeminister.kz

2019 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша көп балалы аналармен кездесу өтті.

Сондай-ақ, іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтанов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы М. Жайымбетов қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат жүзеге асырылуда. Негізгі міндет — тұрмыс сапасын жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 10,1 мың көп балалы ана бар (4,4 мың көп балалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған), оның 3,5 мыңнан астамы аз қамтылған.

Елорда әкімдігінде көп балалы аналарға әлеуметтік көмек көрсетудің 13 кешенді шарасы әзірленіп, іске қосылды. Осылайша, ағымдағы бюджет шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету үшін 5,6 млрд теңге бөлініп, алдағы бюджетті нақтылау кезінде 2,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қарастырылатын болады.

Әлеуметтік шаралар аясында көп балалы отбасыларға және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға сертификат беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр, қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне арналған тұрғын үй сертификаттары төленіп, наурызда 1 млн теңге болатын 2000 сертификаттың 143-і берілді.

Үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі 228 балаға, әлеуметтік көмек

25 250 теңгеге дейін көтерілді, коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған тұрғын үй көмегі көрсетіледі, коммуналдық қызметтерге рұқсат етілетін отбасылық шығындар мөлшері 8%-дан 5%-ға дейін төмендеді, бұл тағы да 700-ден астам көп балалы отбасыға көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, 1500 көп балалы отбасы тіс протездеу және алдын ала емдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылына орай Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарында көп балалы отбасылардан шыққан 50 баланы оқытуға қосымша гранттар бөлінеді.

Білім беру саласында жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының көп балалы отбасылардан шыққан 36 мың оқушы мен студенттерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру ұсынылады, көп балалы отбасылардан шыққан 32 мың бала мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, көп балалы отбасылардан шыққан әрбір бала жаңа оқу жылына мектеп формасымен және мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етілетін болады, сондай-ақ, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 мың баланы қамтамасыз ету қарастырылған.

Биыл көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 2892 баланы ыстық тамақпен қамту және балабақшаларда тегін орын беру жоспарлануда.

Кездесу барысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік көмекті күшейту мәселесінің қажеттілігі жайлы көп балалы аналардың өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

www.primeminister.kz

Дүйсенбі күні, 6 мамырда, сағат 11.00-де ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Үкіметтік жұмыс тобының Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтеді.

Шара спикерлері:

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова;

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев;

ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова;

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов;

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Тікелей таратылымды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Дүйсенбі күні, 6 мамырда, сағат 09:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі.

Тікелей таратылымды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Қазақстан Түркияға әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттайтын болады.

Түркия Республикасының Стамбул қаласында өткен қорғаныс саласының «International Defense Industry Fair  2019» 14-ші халықаралық көрмесінің нәтижесінде қазақстандық делегация осындай келісімге қол жеткізді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің кәсіпорындар құрылымына енетін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС («Қазақстан Инжиниринг» ЖШС) Түркия Республикасына оптикаэлектрондық құралдарды экспорттау жөнінде шарт жасасты. Бұдан өзге, компания түрік кәсіпорнымен Қазақстан Республикасының аумағында тікұшақтарға арналған электрондық құрылғылар кешенін жаңалау жөнінде меморандумға қол қойды.

Қазақстандық делегация халықаралық көрме аясында шетелдік әріптестерімен 20-дан астам түрлі кездесулер өткізді. Атап айтқанда, кооперация, инвестициялар мен жаңа жобаларды тарту шеңберінде бірлескен жобаларды құру мәселелері түркиялық «MKEK» және «Aselsan» арасындағы, сондай-ақ «TAI» компаниясымен бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізу барысында талқыланған тақырыптардың өзегі болды.

Кездесулер нәтижесінде таяуда түркиялық бес компанияның қорғаныс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың техникалық тетіктерін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келуі жоспарланған.

Биылғы «International Defense Industry Fair  2019» көрмесіне Қазақстан алғаш рет Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс министрлігі және отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарынан құралған үлкен делегациямен қатысты. Делегацияны Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов басқарды. Қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өнімдері халықаралық көрмеде бір ұлттық экспозиция ретінде ұсынылды және шетелдік әріптестер мен серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерінен құралған бір ұлттық экспозиция алдағы уақытта «MILEX-2019» (Беларусь Республикасы, Минск қ.) және «АРМИЯ-2019» (Ресей Федерациясы, Кубинка қ.) халықаралық көрмелерінде көпшілік назарына ұсынылатын болады.

ҚазАқпарат

Бүгін елордада Қазақстан  мен АҚШ Үкіметі арасында консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімге қол қойылды.

Аталған құжатты ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер бекітті.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық қатынастар қарқынды дамуда. Оған ең жоғары дәрежедегі тұрақты саяси сұхбат өз игілігін тигізгені мәлім. Өздеріңізге мәлім болғандай, 2018 жылдың қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барып, осы екіжақты қатынастарымызды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Осы келісім Қазақстан мен АҚШ-тың консулдық лауазымды тұлғаларды және олардың отбасы мүшелерін дипломатиялық иммунитеттермен, артықшылықтармен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді реттеп, бұл өз кезегінде аталмыш консулдық лауазымды тұлғалардың қызметіне оң әсер тигізетін болады», - деді Ержан Ашықбаев.

Айта кетейік, бүгінде АҚШ аумағында Қазақстанның екі бас консулдығы жұмыс атқаруда. Олардың бірі Нью-Йорк қаласында болса, екіншісі Сан-Франциско қаласындағы Қазақстанның бас консулдығы.

Өз кезегінде  Уильям Мозер екі ел аумағында қызмет етіп жүрген дипломаттар үшін толық иммунитеттер мен артықшылықтарды қамтамасыз ету бағытында тиісті қадам жасап отырғанын атап өтті.

«Қазақстан мен АҚШ тығыз екіжақты қатынастарды қамтамасыз ету үшін біраздан бері бірқатар бастамаларды іске асыруға қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның АҚШ аумағында дипломатиялық қатысуын кеңейту мүддесін қолдаймыз. Осы орайда Қазақстандық дипломаттар үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді қамтамасыз ету  - инвестиция тарту арқылы экономиканы дамыту мен екіжақты байланыстарды ары қарай нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз», - деді АҚШ Елшісі.

ҚазАқпарат

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») фильмінің режиссері Фархат Шәріповпен кездесті.

Кездесу барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм режиссері Фархат Шәріповті Халықаралық Мәскеу кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады.

«Бұл - біздің өнер саласы үшін, жалпы алғанда Қазақстан үшін жарқын оқиға. Халықаралық Мәскеу кинофестивалі - тарихы бай, әлемдегі ең ескі фестивальдердің бірі әрі жыл өткен сайын танымалдылыққа ие болып келе жатыр» - деп атап өтті министр.

Кездесу барысында Фархат Шәріпов мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіріп, жақында өткен кинофестиваль жайлы әсерімен бөлісті. Сондай-ақ, алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады.

Естеріңізге салсақ, режиссер Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі Мәскеу кинофестивалінде Гран-приге ие болған еді. Картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің сценариі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» романының негізінде жазылған. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Георгийді» Шәріповке халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал кореялық режиссер Ким Ки Дук табыстады.

Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу, көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді. 

«Фильмнің жарыққа шығуына ықпал еткен барша адамға алғыс айтамын. Алдымен отбасыма мың алғыс. Сол себепті бұл жеңісімді әкеме арнаймын. Ал фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермендеріне көп рахмет», - деді МХКФ лауреаты Фархат Шәріпов ағынан жарылып.

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Картинаның қоржынында бұдан басқа тағы екі бірдей жүлде бар -  14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестиваліндегі Қазылар алқасының арнайы жүлдесі және Нетпак жүлдесі. 

ҚазАқпарат

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған, Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 қалалық емхана мысалында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыстың барысын тексерді.

ҚР Үкіметінің басшысы үлкендер, балалар және оңалту бөлімін, амбулаторлық хирургия, қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту орталықтарын тексерді, онда пилоттық режимде денсаулық сақтау саласындағы соңғы цифрлық шешімдер енгізілген. Бұл пациенттердің ағымын реттеу және шұғыл медициналық көмекті бірінші кезекте көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің кіріктірілген ақпараттық жүйесі, қағазсыз медициналық құжаттар, оның ішінде электронды денсаулық паспорттары бойынша Triage-жүйесі. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін дәрігерлердің жұмыс сапасын бағалайтын мобильді қосымша іске қосылған. Емхананың бас дәрігері Г. Алпысбекова айтқандай, цифрландыруды енгізу нәтижесінде кезекке тұру 60%-ға азайды.

Емхананы көріп біткен соң ҚР Премьер-Министрі А. Маминге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар желісін құру жобасы таныстырылды. Жалпы, шеткері аймақтардағы тұрғындар үшін медициналық көмектің жылдам қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұр-Сұлтан қаласында 11 қосымша медициналық ұйым ашу көзделген.

Өз кезегінде, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру аясында биылғы 1 маусымнан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы 224 мың теңгеге дейін, орташа медициналық персоналдың жалақысы 163 мың теңгеге дейін ұлғаятынын жеткізді.

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ержан Жұматұлы Жылқыбаев ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне, Ақмәди Әділұлы Сарбасов ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Е. Жылқыбаев 1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Леңгір қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. Түрлі жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан 2019 жылдың наурызы аралығында Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі лауазымын атқарған. Биылғы 26 наурыздан бастап қазірге дейін — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

А. Сарбасов 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы – ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын атқарды.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Мамыр
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту