Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин «Ресей темір жолдары» компаниясының бас директоры, басқарма төрағасы О. Белозеровпен кездесу өткізді. Мәселені талқылауға ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы С. Мыңбаев қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистикалық жүйелері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту, бірлескен транзиттік әлеуетті дамыту және жолаушылар мен жүк тасымалдаудың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

«РТЖ» ААҚ бас директоры О. Белозеров қазақстандық әріптестермен өзара қарым-қатынас ресейлік темір жол жүйесі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Елдер арасындағы жүк тасымалы соңғы уақытта айтарлықтай ұлғайды.

«Осы жылдың қаңтар–наурыз айларында транзиттік тасымалдар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51%-ға артты, және біз ынтымақтастықты кеңейте түсуге ниеттіміз», — деді О. Белозеров.

2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдау көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 467,7 мың тоннаға артып, 85,4 млн тоннаны құрады. Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша жүк тасымалдарының көлемі 21 млн тоннаны құрады.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Қазақстанның өзара тиімді шарттармен сындарлы ынтымақтастықты кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтті. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасының аясында екі елдің темір жол жүйелерінің бірлесіп қатысуының үлкен әлеуетін айтып өтті.

Жалпы алғанда, тараптар қазіргі өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастыруға және ынтымақтастықтың жаңа бірлескен бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруға ниет білдірді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың жетекшілігімен Үкіметтік делегация Алматы қаласында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру жұмысын жалғастырды.

Түске дейін Вице-Премьер Г. Әбдіқалықова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, қала әкімі Б. Байбек «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталарының іске асырылуы жөнінде кеңес өткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат іске асырылып жатыр. Басты міндет — азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Бүгінде қалада көп балалы аналар мен қарт адамдарды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталары жүзеге асырылып жатыр. 13 шара қарастырылған Жол картасы бекітілді. Жұмысы «бір терезе» қағидасы бойынша жүргізілетін «Бақытты отбасы» орталығы ашылуда. Онда заңгерлер, психологтар, жаттықтырушылар және т.б. жұмыс істейтін болады. «Бақытты отбасы» қайырымдылық қоры құрылып, меценаттар мен жұртшылықтың арқасында 131 млн теңгеден астам қаражат жинап үлгерді. 1 мыңнан астам отбасыға материалдық көмек көрсетілді.

Алматы елімізде алғаш болып «Бақытты отбасы» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Мамыр айында 30 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті. Атап айтқанда, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 250 теңге) 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл шарамен 10 мыңнан астам отбасы қамтылатын болады.

Содан кейін Г. Әбдіқалықова және Б. Сапарбаев аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізіп, онда әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады.

2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келеді. Бүгінде 21,6 млрд теңге сомасына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды.

Вице-Премьер көп балалы аналармен кездесуде мемлекет азаматтардың аз қамтылған санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін артып, 20 789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат берді.

С. Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің жатақханасын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары «Елбасының бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасының орындалу барысымен танысты.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді. Кездесуде студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі үшінші бастаманың іске асырылуы туралы ақпарат тыңдалды, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Жоғарыда аталған бастаманы орындау үшін қалада студенттер жатақханаларын салу жұмысы жалғасуда. 39 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 149 мың адам білім алады, оның 92 мыңнан астамы басқа қалалардан келген студенттер. Барлығы 95 жатақханада 30 мың (33%) студент тұрады.

2018 жылы жоғары оқу орындарының өз қаражатының есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. 2019 жылы да өз қаражаттары есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананы аяқтау жоспарда бар.

Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова жатақханаларды уақытылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдайлар жасау үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде жоғары оқу орындарының ректорларына, мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылап, биыл 23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескере отырып, қала құрылысын жалғастырудың кешенді мәселелерін қарады.

Үкімет басшысы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігі, басқармалар мен департаменттер ғимараттары, Медиа орталық, Конгресс-холл салынатын құрылыс алаңдарында болды. Қала құрылысының басым бағыты — әлеуметтік маңыздағы нысандарды: стадион, Оқушылар сарайын, Халыққа қызмет көрсету орталығын салу. Музыка мектебін, бассейні бар спорт сарайын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана салу жобалары дайындық сатысында тұр. Халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттандыру нысандарын дайындау жұмыстары жүргізілуде, олар: Тұңғыш Президент паркі, аттракциондары бар қала саябағы, музыкалық фонтан, амфитеатр, арбат. Барлық құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және белгіленген мерзімде аяқталады.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жұмыс сапары аясында облыс орталығының кіру қақпаларымен қаланы байланыстыратын Б. Саттарханов даңғылының учаскесін тексерді, оны реконструкциялау жұмыстары жүргін бөлікті 18 метрге дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. ҚР Үкіметінің басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту бойынша жұмыстарды тексерді. «Арыс – Түркістан» каналының реконструкциясының және «Машинный» каналы құрылысының жоспары қаралды. Жобаларды іске асыру суаратын су тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақ аумағын кеңейту және «TURKISTAN» АЭА іске қосу жобалары таныстырылды. Инфрақұрылымды жолға қою жеке инвестициялар ағымын тартуға мүмкіндік береді деп болжанған.

Қаланың тарихи-мәдени бөлігін дамытуға ерекше назар аударылды. ҚР Премьер-Министрі Қ. А. Яссауи музейінің, Туристік визит-орталықтың, тарихи сәулет формасындағы Шығыс моншасының құрылысы жүріп жатқан жерлерді аралады. Өңір әкімдігі «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және қалашықтың тарихи нысандарын реставрациялау жұмыстарының жоспарымен таныстырды.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан қаласының 2019–2020 жылдарға арналған кешенді құрылыс және дамыту жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев құрылыс, тарихи- мәдени нысандарды реконструкциялау, тұрғын үй мәселелерін шешу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жолдардың сапасын арттыру, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын, арнайы экономикалық аймақты дамыту қарқындары туралы баяндады.

Осы жылдың соңына дейін Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 52 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл — 2300-ден астам пәтер, олардың ішінде 1200 отбасы, соның ішінде 270 аз қамтылған көп балалы отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз етіледі. Ұзындығы 82,5 шақырым болатын 69 көшені жөндеу, ұзындығы 42,2 шақырымдық 47 көшені абаттандыру, сондай-ақ ұзындығы 12,8 шақырым болатын велосипед жолын салу жұмыстары басталды. Өңірді газдандыру үшін 31,1 км магистральдық газ құбыры салынады, 2020 жылға қарай қаланы табиғи газға 100% қосу көзделген. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстарына 400-ден астам техника жұмылдырылып, 3500 адам жұмысқа тартылған. Жазғы кезеңде қосымша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.

Түркістан қаласының аумағындағы жекелеген нысандардың әлемдік маңызын ескере отырып, кеңеске халықаралық сарапшылар тобының мүшелері: Дүниежүзілік мұра объектілерін сақтаудың жай-күйін бағалау бойынша Ескерткіштер мен объектілер жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) аға сарапшысы, профессор Михаэль Янсен (Германия), CIPA мұра құжаттары жөніндегі ғылыми комитетінің ICOMOS сарапшысы, доктор Она Вилейкис Тамайо (Канада) қатысты. ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы сарапшылармен бірлесіп, Қ. А. Яссауи ескерткішінің жағдайы, бекініс қабырғасын қайта қалпына келтіру және реставрациялау жұмыстарының Кесененің көрнекі қабылдануына әсері зерделеніп жатқанын мәлімдеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев Түркістан қаласының көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, энергиямен, газбен және жылумен қамту желілерін дамыту туралы баяндады. Түркістан қаласындағы нысандарды жүзеге асыруға жауапты Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларының есептері тыңдалды.

«Күшейтілген жұмыс режимін енгіземіз», — деп Үкімет басшысы, «екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы режимге көшіруді» тапсырды.

Нысандарды уақытылы пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаланың түркі дүниесінің аса дамыған мәдени-рухани және туристік орталығы ретінде қалыптасуына жол ашады.

www.primeminister.kz

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ЕАЭО ортақ энергетикалық нарықты құру шаралары туралы айтып берді. 

«Еуразиялық экономикалық одақта ортақ энергетикалық нарықты құру аясында ағымдағы жылы мамырдың аяғына дейін одаққа мүше елдер арнайы xаттаманы рәсімдейді. Аталған шара ЕАЭО туралы келісімшарттың бес жылдығына арналады. Жалпы, ортақ энергетикалық нарықты құру шаралары кезең-кезеңімен атқарылады. Нормативтік база әлі пысықталып жатыр. Негізі, осы саладағы әріптестік тең дәрежеде жүргізіледі және ешкімге экономикалық залал келмейді», - деді Қ.Бозымбаев азаматтық қоғам өкілдерімен болған кездесуде.

Министрдің айтуынша, мамыр айында рәсімделетін xаттамада ортақ нарықты құру кезеңдері көрсетіледі.

«Хаттама нарықты құру кезеңдерін реттейтін болады. Негізі, аталған құжаттың кейбір тармақтары бойынша әлі күнге дейін қызу талқылау жүріп жатыр. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар мәселелер болды. Дегенмен, біз оның бәрін реттеп алдық. Сосын экспорт және импортпен айналысатын арнайы ұйымды құруға қатысты маңызды бір мәселе болды. Қазақстанда кез келген компания рұқсат алып, энергияны экспортқа шығара алады, импорт жасауға да болады. Ал Ресейде ондай жұмыспен арнайы ұйымдар айналысады. Осының үлгісінде әрбір мемлекетте арнайы ұйымды құру мәселесі көтерілген болатын. Бірақ біз өз позициямызды қорғап қалдық. Экспорт пен импортты монополизациялаудың қажеті жоқ деп санаймыз», - дейді Қ.Бозымбаев. 

ҚазАқпарат

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі Үкіметтік делегация Алматы қаласына барды.

Жұмыс тобының құрамында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов бар.

Делегация алдымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының жанындағы консультациялық-диагностикалық педиатрия орталығына барды. Онда делегацияға қабылдау бөлімі мен хирургия кешенінің жұмысы таныстырылды. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Әсел Тасмағамбетова басшылық ететін «Сәби» қайырымдылық қоры құрған. Жобаның жалпы құны — 2,5 млрд теңге.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Г. Әбдіқалықова молекулалық-генетикалық зерттеулер орталығының жұмысымен танысты. Медициналық мекеме заманауи жабдықпен: компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтармен, сараптамалық кластағы радиографикалық рентген және ультрадыбыстық жүйелермен, ЭКГ-аппараттармен жабдықталған. Барлық процестер цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Содан кейін Премьер-Министрдің орынбасары «MEIIRIM» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығына барды. Орталықта 3-15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы, әлеуметтенуі мен оқуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Орталық ашылған кезден бастап (2018 жылдың қарашасы) 200-ге жуық бала оңалту мен әлеуметтендіру шараларынан өтті.

Келесі іс-шара 2018 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Онда медициналық кабинет, йога залы, компьютерлік сауаттылыққа оқыту, қазақ және ағылшын тілдерін үйрету кабинеттері, сондай-ақ еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Осы уақыт аралығында 900-ге жуық зейнеткер бассейндер мен фитнеске тегін барып, 300-ден астам қарт адам «Сұңқар» тәлімбағына, биік таудағы «Медеу» спорт кешеніне, Орталық мемлекеттік музейге және т.б. тегін экскурсия жасады.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне тексеру жүргізді. Жыл басынан бері 3,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 254-і аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққандар. 717 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Сонымен бірге, Г. Әбдіқалықова азаматтарды қабылдады. Атап айтқанда, 4 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Жанна Тоқтасынова жұбайын жұмысқа орналастыру жөнінде өтініш білдіріп келген болатын. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жұбайы жұмыспен қамтылуы тиіс. Мәселе шешілді – Вице-Премьер қала басшылығына нақты тапсырма берді.

Бірінші жұмыс күнінің соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары «SmArt Point» коворкинг орталығының алаңында жастармен кездесті. Кездесуде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, денсаулық сақтау министрлері, Алматы қаласының әкімі, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері, спорт және дене шынықтыру комитеттерінің төрағалары сөз сөйледі.

Шараны аша отырып, Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан сабақтастық, әділдік және прогресс принциптеріне сүйене отырып, қарыштап дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Осы процестерде жастар шешуші рөлдің бірін атқаруы тиіс.

Бүгінде қаламызда 684 мыңнан астам жас азамат бар, олардың 218 мыңнан астамы жоғары оқу орындарының студенттері. «Жастарды дамыту мен қолдаудың 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы» іске асырылып жатыр. 20 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. «Алматы жастары» жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін 238 тұрғын үй заемы берілді. Білім беру гранттарының саны 1,5 есе көбейіп, 28 мыңды құрады.

Кездесуде «Inno Track» ЖШС-ның бас директоры Дархан Қызайбаевтың сөзіне ерекше назар аударылды. Оның кәсіпорны «Vollert» неміс технологиясы бойынша темір-бетонды шпалдар шығарады. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 500 мың шпал, 100 адам жұмыс істейді. Ол талапты жастар үшін «мүмкіндіктер есігін» ашатын заманауи индустриалды саясат үшін мемлекетке алғысын білдірді.

Сондай-ақ «Youth Art» жас суретшілер ұйымының басшысы Кристина Бекмурзаеваның құттықтау сөзі қызығушылықпен тыңдалды. Олар «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын іске асыруға белсене қатысып, 10 жоғары деңгейдегі шағын сәулеттік пішінді орнатты.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Алматы қаласындағы жұмыс сапары жалғасады.

www.primeminister.kz

25 сәуірде Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевпен келіссөздер өткізді.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық саладағы, инвестициялық ынтымақтастықтағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, көлік-транзит саласындағы, ғарыш қызметіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және арттыру, шекара маңы ынтымақтастығын және аймақаралық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.

«Екі ел арасындағы ашық сенімді қатынастар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Владимирович Путиннің стратегиялық бағдарына сүйене отырып, барлық салада қарқынды дамып келеді», — деді ҚР Премьер-Министрі.

А. Мамин «ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Мәскеуге жуырдағы ресми сапары және жоғары деңгейде өткен келіссөздер екі елдің стратегиялық өзара іс-қимылының одан әрі дамуына қосымша серпін бергенін» айтып, «бірлескен белсенді жұмысқа бағытталған, қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын, бүгінгі кездесудің аталған уағдаластықтарды іске асырудың тәжірибелік қадамдарын талқылаудың жақсы мүмкіндігі» екенін жеткізді.

РФ Үкіметінің Төрағасы Д. Медведев ҚР Премьер-Министрінің Мәскеуге сапарының бірқатар стратегиялық міндеттерді талқылап, шешудегі, тек екіжақты форматта емес, сондай-ақ ЕАЭО аясында күн тәртібінде тұрған ауқымды бағдарламаларды іске асырудағы маңызын атап өтті.

«Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктесі», — деп А. Мамин, «сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынын сақтау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейтіп, екі мемлекеттің іскерлік орталары арасында тікелей байланыстарды орнатып, үшінші елдердің нарықтарына тауарларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажет» екенін айтты.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылы $17,6 млрд құрады, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 7,2%-ға жоғары.

Қазақстан Үкіметінің инвестициялар тарту бойынша қабылдаған жаңа шаралары тұрғысынан ҚР мен РФ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ұлғайту жөнінде пікір алмастырылды.

«Жаңа тәсілдер инвесторлар үшін, соның ішінде ресейлік серіктестер үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайды», — деп А. Мамин, "Астана" халықаралық қаржы орталығының ЕАЭО аясында қаржылық бірлесу үшін, шетелдік инвестицияларды тартып, Еуразия аймағының капитал нарықтарын дамытып, ілгерілетуге үлкен перспективалары бар екенін айтты.

Ынтымақтастықтың табысты мысалы ретінде биыл сәуір айында АХҚО Биржасында «Полиметалл» ресейлік компаниясының қарапайым акцияларын орналастыруды айтуға болады.

Тараптар сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудегі Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның рөлін атап өтті. ҮАК кезекті отырысы биыл маусым айында Қазақстанда өтеді деп жоспарланған.

ҚР Премьер-Министрінің РФ-ке жұмыс сапары аясында, Қазақстан Үкіметінің басшысы А. Мамин мен Ресей Үкіметінің басшысы Д. Медведевтің қатысуымен КАМАЗ көлік жабдықтары маркасы үшін техника және құрамдастарын өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімге РФ өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары А. Морозов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А. Ержанов, «КАМАЗ» ААҚ бас директоры С. Когогин, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті А. Лаврентьев, «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Н. Байбазаров, «Tobolkz» ЖШС басқарушы директоры Д. Шүкіжанова қол қойды.

«Агромашхолдинг KZ» АҚ-да «Кировец» маркасының тракторлары мен оның құрамдас бөлшектерін өндіруді ұйымдастыру» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына «Агромашхолдинг KZ» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы А. Лаврентьев пен «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры С. Серебряков қол қойды.

«Кировец маркалы тракторларды және оның құрамдас бөліктерін өндіруді ұйымдастыру» жобасын «Агромашхолдинг KZ»-да жүзеге асыру жөніндегі жол картасына «Агромашхолдинг KZ» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы А. Лаврентьев пен директор «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры С. Серебряков қол қойды.

www.primeminister.kz

Мемлекет басшысына білім беруді және ғылымды дамыту Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу және үш тілде білім беруге біртіндеп өту жұмыстарын жалғастыру маңызды міндет екенін айтты.

К. Шәмшидинова техникалық және кәсіби білім беру ісінің жағдайы және бизнес пен оқу орындарының арасындағы өзара іс-қимылдарды жолға қою шаралары жөнінде есеп берді. Кездесу барысында жоғары білімнің сапасын арттыруға және ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуына ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларын артық есеп берулерден арылтып, педагогтардың мәртебесін көтеруге, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, бірінші кезекте мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға басымдық беруге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Президенті кездесу соңында білім беру жүйесінің мәселелері бұдан былай да өзінің жіті назарында болатынын айтты.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ғылыми мекемелермен су тасқыны жағдайларының алдын алу бойынша кешенді шараларды әзірлеуге қатысты жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстар туралы айтып берді.

Ю. Ильин атап өткендей, 2017 жылдан бастап «2017–2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жоюдың кешенді шаралары» Жол картасы іске асырылуда. Жалпы, Жол картасын іске асыру су тасқыны жағдайларының алдын алады — елді мекендерде дайындық жүргізудің арқасында елді мекендер мен тұрғын жайлардың су астында қалуына жол берілмеді.  

Алайда, ҚР ішкі істер министрінің орынбасарының сөзінше, аталмыш Жол картасын іске асыру мерзіміне ерекше назар аударуы тиіс өңірлер бар. Атап айтқанда, жағдайды уақытылы бағалау үшін Қазгидромет бекеттері жоқ шалғайдағы елді мекендерге ҚР ІІМ қажетті техниканы, оның ішінде авиациялық техниканы береді.

«Қазсушар, Қазгидромет, ТЖ комитеті бөлімшелерінің жұмыстары аса айқын болуы тиіс, бұл бізге су тасқыны астында немесе басқа да төтенше жағдайларда қалуы мүмкін учаскелер мен аудандарды нақтылауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ю. Ильин.

Сонымен қоса, министрдің орынбасары жыл сайын су тасқыны қауіпсіздігін сақтау мәселесінде тұрғындардың белсендігі артып келе жатқаны байқалып отырғанын жеткізді.

«Біздің бөлімшелердің төтенше жағдай аумағында қалуы мүмкін халықты алдын ала құлақтандыру бойынша жүргізген жұмыстары өз нәтижелерін берді. Өйткені адамдардың көбі нақты қатерді сезініп, өз баспанасын болуы мүмкін су тасқынына және шұғыл эвакуацияға әзірлеумен байланысты алдын ала шараларды қабылдайды. Олар эвакуация жағдайында алу үшін аса қажетті заттарды – құжаттарын, ақшаларын алдын ала дайындап қояды және тұрғындардың қай жерде жиналатынын алдын ала біледі», — деді ол.

Ю. Ильиннің пікірінше, тұрғындардың бұл бағыттағы белсенділігі төтенше жағдай туындаған кезде ең бастысы адам шығынына жол берілмеуіне, тұрғындардың аталған жерлерге шұғыл эвакуациялануына мүмкіндік жасайды.

Сонымен қатар Ю. Ильин ҚР Ішкі істер министрлігі су тасқынына қарсы кешенді шараларды әзірлеу бойынша ғылыми мекемелермен тығыз жұмыс істейтінін атап айтты.

«Олардың қатарында бізге тиісті болжамдар беретін түрлі институттар бар. Сонымен қатар, біз қандай да бір төтенше жағдайларда практикалық ұсыныстар мен іс-қимылдарды дайындайтын оқу орындарымен келісім бойынша меморандумдар жасасамыз. Олар бізге қандай да бір сел қаупі бар су қоймасының, сондай-ақ қандай да бір өңірдегі су қоймасының бұзылуы салдарынан орын алатын жағдайлар туралы ықтимал қатерлер жобаларын жасап береді», — деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, ҚР ІІМ барлық бөлімшелері күшінің жалпы жиынтығы 12 мыңнан астам адам мен 1300 бірлік техниканы құрайды. Су тасқыны жағдайына байланысты Министрлік алдын-ала оңтүстік өңірлерден және Нұр-Сұлтан қаласынан Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына қосымша күш пен құралдарды жеткізді (81 адам,16 бірлік техника).

Осы жылдың 18 наурызынан бастап ІІМ бөлімшелері жоғары дайындық үстінде, тасқынға қарсы жедел штабтардың жұмысы өрістетілді, ІІМ күштері мен құралдарының тобы бекітілді. Биыл апаттық-құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргізуге 1000-нан астам адам және 300 жуық техника жұмылдырылды. Су тасқыны қаупі бар аудандарда күштермен және құралдармен қосымша 9 мың метр уақытша бөгет салынды, 65 мыңнан астам инертті материалы бар қаптарды төсеу жұмыстары жүргізілді. Су басқан үйлер мен аула маңы аумақтарынан 1,6 млн текше метр су сорылды. Халықты эвакуациялау жағдайына шамамен 1 850 қабылдау пункті дайындалды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елдегі су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.

«Өткен кезеңде су тасқыны бойынша жағдай биыл Жол картасын («2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жоюдың кешенді шаралары») іске асырудың арқасында ойдағыдай өтті, бұл шаралар 2020 жылы аяқталады. Бұл - су тасқыны кезеңіндегі жергілікті атқарушы органдардың профилактикалық жұмыстары. Қарағанды, Ақмола облыстарында ауқымды жұмыстар атқарылды, кейбір аудандарда орын алған сыни межелер (еск. - жүргізілген жұмыстар) бізге оны ойдағыдай өткеруге мүмкіндік берді, кейбір жекеменшік аумақтар су астында қалған болатын. Арнайы қызметтер шұғыл шаралар қабылдады», — деді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ю. Ильин.

25 сәуірдегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бақылауға алынған, онда 21 сәуірде Есіл өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан «Челябинск-Новосибирск» республикалық маңызы бар автожолының жол төсемі арқылы су жүрді. Заречный кентіндегі (Петропавл қаласының аумағында) тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Павлодар облысы да Шүлбі су қоймасынан жоспарлы су ағызылуына байланысты бақылауда тұр.

«Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді су басуға жол бермеу мақсатында қолда бар қорғаныс құрылыстары мен үйінділерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, бақылау бекеттері орнатылды, су басуы ықтимал аймаққа кіретін 9 елді мекен анықталды, тұрғындар хабардар етілді», — деп ақпараттандырды Ю. Ильин.

Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда, биыл су тасқыны жағдайы тұрақты, қандай да бір қиындықтарсыз өтті, тек наурыз айының соңы мен сәуір айының басында Ақмола облысында ғана тұрақсыз жағдай орын алған еді.

Жедел түрде осы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру бойынша іс-шаралар жүргізілді, су сорып шығарылды. Қираған және апатты жағдайда тұрған үйлер тіркелген жоқ.

«Жалпы жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ бөлімшелерінің және басқа да бірқатар министрліктердің жүргізген жұмыстарының арқасында су тасқыны бойынша жағдай өткен жылмен салыстырғанда аз шығынмен өтіп жатыр, яғни су басып қалған немесе ауқымды материалдық зардап шеккен үлкен аумақтар, елді мекендер жоқ. Жалпы, бүгінгі таңда ел бойынша су тасқынына қатысты жағдай тұрақты», — деді ҚР ІІМ министрінің орынбасары.

Айта кетейік, су тасқыны кезеңі басталғанға дейін және оның өту кезеңінде ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп елді мекендерді су басуға жол бермеу бойынша шаралар кешенін орындады. 11 мың шақырым арықтар мен арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерден 12 млн текше метр қар шығарылды. Автомобиль жолдарында 33 мың, теміржол жолдарда 7 мың су өткізу құрылыстары тазартылды. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 10 мың тонна жанар-жағармай, 281 мың тонна инертті материал, 1 млн қап және 40 тонна жарылғыш заттар қоры дайындалды.

www.primeminister.kz

Парламент Сенатының жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Айта кетейік, 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде. Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім білім ордасының қызметін реттейді. Онда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

«Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады» - деді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Атап айтқанда, Қазақстан филиалдың қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда, мүлік Қазақстанға қайтарылады. Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент, 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Мекеме дербес заңды тұлға болып есептелмейді, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді.

«Осыған байланысты келісімде филиалдың білім беру және қаржы-шаруашылық қызметін бақылау үшін ведомстволық комиссия көзделген. Филиал қызметі 3 жылда бір рет тексеріледі, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізуге болады», - деді министр.

Бұдан басқа, келісімнің 12-ші бабы және хаттама арқылы осы келісімге өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар және бұл өзгерістер құжаттың ажырамас бөлігі болады.

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, оқуды сәтті аяқтаған студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. 390 профессор мен оқытушының 130-ы бас университеттен тартылады. 14 жыл ішінде 1 725 маман даярланып шықты. Мониторинг нәтижелеріне қарағанда, соңғы 5 жылда түлектердің 93 пайызы Қазақстанда жұмысқа орналасты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, филиал түлектерінің міндетті түрде жұмыс өтеу қажеттігі келісімде бекітілген.

ҚазАқпарат

Мұрағат

Мамыр
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту