13 қаңтар күні министр Нұрғали Әшімнің төрағалығымен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде (ҚР ҚОҚМ) Францияның «SUEZ Environnement» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті.
Компания «SUEZ Environnement» пен ҚР ҚОҚМ арасында 2011 жылдың мамырында қол қойылған Өзаратүсіністік туралы меморандум аясында орындалған алдын ала есептің қорытындысын ұсынды. Есеп Қазақстанда қауіпті және улы қалдықтарды - ауыр органикалық ластануларды жою бойынша зауыт құрылысының негізгі жалпы техникалық-экономикалық көрсеткіштерін қамтыды.
2011 жылдың ішінде «SUEZ Environnement», ҚР ҚОҚМ және Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары қауіпті қалдықтарды пайдалану және жоюдың мүмкін нұсқаларын әзірлеумен айналысты, жиналған көлемдердің жағдайын, сондай-ақ ел кәсіпорындарында болатын қалдықтар әлеуетін зерттеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында қордаланып қалған ескірген пестицидтердің, сондай-ақ медициналық және биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату мүмкіндігі қарастырылды.
Француз сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда жиналып қалған қауіпті және улы қалдықтарды жаңа технологияларды қолдану арқылы жоюға болады. Осы ретте, Қазақстанда өндірістегі және тұтынудағы қалдықтардың айналымын реттейтін нормативтік база белсенді дамытылып жатқандығы атап өтілді.
Тұсаукесер қорытындысында қауіпті және улы қалдықтар мен ластануларды кәдеге жарату және жою бойынша зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.

ҚазАқпарат

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ вице-министрі лауазымына Болат Ақшолақов тағайындалды.
Болат Ақшолақов 1971 жылғы 9 сәуірде Гурьев (қазіргі - Атырау қ.) қаласында өмірге келді. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді. «Қазақстан Әлем Банкінде» бас экономист, бағалы қағаздар бөлімінің бастығы, Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінде активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, «Қазақойл ҰМК» ЖАҚ Теңіз жобасы департаментінің директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ атқарушы директоры болып жұмыс істеді.
Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың шілдесінен «PSA» ЖШС бас директоры.
Ал 2011 жылдың 5 қазанынан - 21 желтоқсанына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды.

ҚазАқпарат

2011 жылы Қазақстанда таза салмақта 26,9 млн. тонна астық жиналды.
Бұл туралы брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2011 жылы Қазақстан таза салмақта 26,9 млн. тонна астық жинады. Мұндай астық көлемі соңғы рет 1986 жылы жиналған. Алайда, ол кезде егін алқабы былтырғы жылғыға қарағанда 1,5 есе көп болды», - деді ведомство басшысы.
Ә. Смайыловтың атап өткеніндей, өткен жылы Қазақстанда бастырылған егіннің өнімділік көрсеткіші өте жоғары болды. Орташа есеп бойынша, бір гектар алқаптан 16, 9 центнер астық алынды. «Мұндай өнімділік соңғы 60 жылда тіркелмеген», - деді ол.
Жалпы, Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2 трлн. 256 млрд. теңгені құрап, 26,7 пайызға артты.

ҚазАқпарат

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор өсімі 7,1%-ды құрды.

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2011 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 107,1% құрды. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-ң 67-68%-н құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.
2011 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4985,9 млрд. теңгені құрды, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 2,4% көп.
2011 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 15657,6 млрд. теңгені құрды, бұл 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 3,5% артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда – 1,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 6,2%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 7,4%, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда – 4% өндіріс өсімі байқалды.
2011 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2256,6 млрд. теңгені құрып, 2010 жылмен салыстырғанда 26,7% артты.
2011 жылғы қаңтар-желтоқсанда жүк айналымының көлемі 444,4 млрд. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрып, 2010 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 16,6% өсті.
Есепті кезеңде бөлшек сауда көлемі (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 3673,2 млрд. теңгені құрап, 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 12,5% өсті.
Есепті кезеңде көтерме сауда көлемі 10003,6 млрд. теңгені құрап, 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 15,5% артты.
Есепті кезеңде тамақ өнімдері мен сусындарды ұсыну бойынша қызметтер көлемі 172,6 млрд. теңгені құрады және 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 15,7% өсті.
2011 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда айналымы 113197,6 млн. АҚШ долларын құрап, 2010 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 41,8%% өсті, оның ішінде экспорт – 79820,8 млн. АҚШ долларын (51,7% өсті), импорт – 33376,8 млн. АҚШ долларын құрады (22,6% өсті).
Экспорт көлемінің импорт көлемінен қарқынды асып түсуі, сондай-ақ, экспорт бағаларының импорт бағаларынан едәуір асып түсуі Қазақстан үшін сыртқы сауда конъюнктурасының жақсарғанын көрсетеді,бұл еліміздің Төлем балансын едәуір жақсартады.
Тіркелген заңды тұлғалар саны 2012 жылғы 1 қаңтарда 301372 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5% артты, оның ішінде 50 адамнан кем қызметкерлері бар – 284888 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 177584 құрды, оның ішінде 162257 бірлік – шағын кәсіпорындар. Республикадағы шағын кәсіпкерлік тіркелген субъектілерінің саны (заңды тұлғалар) 216486 бірлікті құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,6% артты.
2011 жылғы ІІІ тоқсанда кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржы нәтижесі табыс ретінде 1818,8 млрд. теңге сомасында қалыптасты, бұл 2010 жылғы сәйкес кезеңдегі деңгейден 53,6% жоғары. Пайдалылық деңгейі 33,4% құрады. Есеп берген кәсіпорындардың жалпы санынан залалды кәсіпорындар үлесі 33,6%.
Тұтыну баға индексі 2011 жылғы желтоқсанда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 107,4% құрады. Азық-түлік тауарларына бағалар – 9,1%, азық-түлік емес тауарлар – 5,3%, ақылы қызметтер көрсетуге – 7,3% артты. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2011 жылғы желтоқсанда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 20,3% артты.
2011 жылғы қарашада халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 46597 теңгені құрады. Өсім 2010 жылғы қарашамен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстар үшін 15,2%, нақты ақшалай табыстар үшін – 6,9% құрады.
2011 жылғы қарашада қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 91793 теңгені құрады. 2010 жылғы қарашаға қарағанда 18,6% өсті. Нақты жалақы индексі 2010 жылғы қарашаға 110,1% құрады.
2011 жылғы желтоқсанда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 479,2 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 5,4% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2011 жылғы желтоқсан соңына 36,6 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халық санына 0,4%. Жасырын жұмыссыздық деңгейі бағалау бойынша экономикалық белсенді халық санының 0,4%-ын құрады.

 

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің баспасөз қызметі

12-қаңтар күні елордада ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов еліміздегі кезектен тыс Парламенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы Жоао Соарешпен кездесті.
Жүздесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген миссия басшысының атап өтуінше, сұхбаттасу барысында Жаңаөзен қаласына байқаушылар жіберу мәселесі көтеріліп, оң шешімін тапқан. Әрі ЕҚЫҰ миссиясы өз байқаушыларын жібермек. «Ең маңыздысы, сайлау Жаңаөзен қаласын қоса алғанда Қазақстанның әрбір өңірінде өтеді»,-деді ол.
Оның пайымынша, елімізде өтетін кезектен тыс Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлау барысында Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде мәлім еткеніндей, адам құқы мен бостандығы, демократия құндылықтары сақталатын болады.

ҚазАқпарат

Ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың төрағалығымен ведомствоның алқасы болып өтті, онда 2011 жылғы Қазғарыш ұйымдары қызметінің нәтижелері талқыланды және 2012 жылға арналған міндеттер айқындалды. Алқаның жұмысына Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен ведомстволық ұйымдарының басшылығы қатысты.

Отырыс барысында 2011 жылғы ғарыш агенттігі қызметінің нәтижелері туралы есептер тыңдалды және 2012 жылға арналған міндеттер қарастырылды, Қазғарыштың құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының басшылары баяндама жасады.

Алқада өткен жылы Қазғарыш ұйымдарымен ғарыш қызметі саласын жетілдіру жөніндегі ұйымдастырушылық және тәжірибелік шараларының кешені жүзеге асырылғандығы аталып өтті.

Агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев бірқатар нақты міндеттерді алға қойды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бөлімдерін орындаудың алғышарттары, атап айтқанда, мынадай инвестициялық жобаларды: «KazSat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін құру («KazSat-2», «KazSat-3», резервтік жерүсті басқару кешені); «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ҒЗК құру; ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру; Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру; Қазақстан Республикасының жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру; «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Зенит», «Днепр» ғарыштық зымыран кешендерін коммерциялық пайдалану жобаларына қатысуды іске асыру.

Қазғарыштың алқасында көзделген жоспарларды іске асыруда проблемалық мәселелерге айрықша назар аударылды, оларды шұғыл шешу шараларын қабылдау ұсынылды.

Алқа отырысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-тың, «Бәйтерек» БК» АҚ-тың, «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ-тың, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ-тың, «Инфракос» РМК-нің, «Инфракос-экос» ЕМК-нің есептері ұсынылған болатын. Сондай-ақ, ғарыш ұйымдарының басшылары отандық ғарыш қызметін дамытудың басты мақсаттары мен міндеттерін есепке ала отырып, 2012 жылға арналған жұмыс жоспарларын ұсынды.

ҚР ҰҒА-ның төрағасы Талғат Мұсабаев алқаның нәтижелерін қорытындылай отырып, Қазғарыштың және ведомстволық бағынысты ұйымдарының 2011 жылғы жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Ол Қазақстанның ғарыш саласын құрудың алғашқы кезеңінде маңызды міндеттер блогын орындағаны үшін мамандарға алғысын білдіре отырып, 2012 жылы еліміздің ғарыштық жобаларын іс жүзінде іске асыру кезеңінің жалғасатынын атап өтті.

Қазғарыш баспасөз қызметі

Мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары арқасында Қазақстанның машина жасау саласында өнім өндіру көлемі 2011 жылғы 11 айда 447 миллиард теңгеге жетті. Еңбек өнімділігі 2010 жылғы 11 айда 11 мың АҚШ долл./адамға, 2011 жылғы 11 айда 15,2 мың АҚШ долл./адамға (137,9%) өсті.
ҮИИДМБ іске асыру кезеңінде дизельді локомотивтерді шығару бағыты игерілді. Мұнай-газ машина жасау саласы жаңа импульске ие болып, оны өндіру 2011 жылғы қаңтар-қараша айларында 62,8%-ға өсті. Сонымен қатар, жеңіл жолаушылар автомобильдерін шығару 2,6 есеге артты, ал ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы техникасын шығару 1,8 есеге өсті. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2014 жылға дейін машина жасау бойынша 59 жобаны іске асыру көзделді, онда 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. 42 өндіріс әлдеқашан пайдалануға берілді. Оның ішінде ең ірілерінің арасында - инвестиция көлемі 2,3 млрд. теңге және жылына қуаты 50-60 кеме шығаратын Баутино кентіндегі кіші кеме жөндеу зауыты бар. Сондай-ақ Қазақстанда машина жасауды дамыту жөніндегі бағдарлама аясында өнімнің жаңа түрлерін игеру үшін бес конструкторлық бюро (КБ) құру көзделген. Ағымдағы жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша көліктік машина жасау (Астана), тау-кен металлургия жабдықтары (Өскемен), мұнай-газ жабдықтары (Петропавл) және ауыл шаруашылығы машинасын жасау бойынша (Астана) төрт КБ құрылды.

ҚазАқпарат

Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің іштей отырысы өтті.

ҚазАқпарат

ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев кеше автожол саласындағы мердігерлік компаниялардың басшыларымен ағымдағы жылғы құрылыс науқанына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің учаскелерін, сондай-ақ, Алматы-Астана-Петропавл, Самара-Шымкент, Омбы-Майқапшағай, Бейнеу-Ақтау, Астана-Қостанай-Челябинск және Таскескен-Бахты автомобиль жолдарының учаскелерін қайта салу жұмыстары жалғасатын болады. Бюджеттің негізгі үлесі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына тиесілі, оның іске асырылуына 179 млрд.теңге бөлінді.
Ағымдағы жылғы жұмыстар нәтижесі бойынша Жамбыл және Қызылорда облыстары аумағында 750 км жолда көлік қатынасы ашылады.
Республикалық бюджеттен жүзеге асырылатын басқа салу және қайта салу жобалары бойынша жұмыстар ұзақтығы 1 228 км құрайтын 35 нысанда жүргізіледі, соның ішінде, 18 - жаңа (662 км) және 17 - жалғастырылатын (566 км) жолдар.
Автожолдарды жөндеуге және күтіп-ұстауға 27 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражаттың есебінен 1 245 км жөнделеді. Күрделі жөндеуге 9 млрд. теңге бағытталды. Барлығы 58 км жолда күрделі жөндеу және 28 көпірді жөндеу жоспарланған.
9 млрд. теңге сомасына 1 187 км жолда орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Ағымдағы жөндеуге және республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға да 9 млрд. теңге бөлінді.
Кеңестің қорытындысы бойынша министр автомобиль жолдары комитетіне, мердігерлік ұйымдарға әр учаске бойынша жол құрылыс материалдарын дайындау және жеткізудың нақты кестесін жасау, бюджеттік қаржылардың уақытылы игерілуіне тиісті қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚазАқпарат

Қарашаның 11-і күні ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, келісімге сәйкес, АҚШ Қазақстанға денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау, сауда және басқа да салаларда техникалық жәрдем көрсетуді көздеп отыр. «20 жылдық ынтымақтастық барысында Қазақстанға шамамен 900 млн. АҚШ доллары сомасында жәрдем көрсетілді. Ал 2012 жылдың желтоқсанына дейін АҚШ тарапы 4,5 млн. доллар сомасында Қазақстанға көмектер көрсетуді жоспарлауда», - дейді М. Құсайынов.
Оның сөзіне қарағанда, келісім АҚШ-тың техникалық көмек көрсететін үкіметтік және жеке ұйымдары үшін салық, кеден және басқа да жеңілдіктер мен преференцияларды қарастырады. АҚШ-тың жеке ұйымдары аталған келісімде қарастырылмаған өзге шараларды жүзеге асырса, онда бұл ұйымдарға Қазақстан заңнамасына сәйкес салықтар салынатын болады. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі отырыс барысында Сенат аталған заңды қабылдаған болатын.

ҚазАқпарат

Мұрағат

Мамыр
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту