Дүйсенбі күні, 15 сәуірде, сағат 11:00-де ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында білім беру жүйесін дамыту туралы баспасөз конференциясы өтеді.

ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова шара спикері болады.

Тікелей таратылымды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Мемлекет басшысына министрлік қызметінің нәтижелері мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспары жөнінде мәлімделді.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің алдына қойылған міндеттерді сапалы орындаудың және Қазақстанның заң шығару жүйесін жетілдірудің маңыздылығына назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

www.primeminister.kz

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңартылған Ұлттық комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин жетекшілік етеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының іске асырылу қорытындылары, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды. Отандық тарихта алғаш рет шет тілдерден экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және өзге де ғылым салалары бойынша әлемдегі 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толықпақ. Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары баспаға әзірленіп, осы жылы жарық көретін болады. «Киелі Қазақстан» жобасы табысты жүргізілуде: 28 тарихи нысанда реставрация жасалды, жаңадан «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар қызу іске асырылуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижелері мен жоспарлары туралы отырыста Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев, «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай іске асыру жұмысын жандандыру қажеттігін айрықша атап айтып, бірқатар тапсырма берді, олардың орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті бөлімдері мен Ұлттық комиссияның ұдайы бақылауында болмақ.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысында жұмысты жалғастырды.

Еске сала кетейік, жұмыс тобына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е. Жылқыбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді. Бүгін жұмыс тобына Nur Otan партиясының хатшысы Т. Дүйсенова қосылды.

Күн «Қазфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының базасында өткен қаланың, аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кездесуден басталды. Өз сөзінде Г. Әбдіқалықова бүгінде елімізде кәсіпкерлер жоғары әлеуметтік жауапкершілік таныта отырып, көп балалы әрі аз қамтылған отбасыларға белсенді түрде көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Жамбыл облысында 14 кәсіпорында 272 көп балалы қызметкер жұмыс істейді, олардың 217-нің баспанасы жоқ. Мәселен, «Жамбыл электр желілері» ЖШС-де 60 көп балалы жұмысшының 49-нда баспана жоқ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бизнесмендерді өздерінің мұқтаж жұмысшыларына тек баспана мәселесін шешіп, материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, олар үшін икемді жұмыс режимін қарастыруға шақырды.

Бұдан әрі Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен жұмыс тобының мүшелері облыс халқымен кездесу өткізді. Аудитория көп балалы аналардан, аз қамтылған отбасылардан, еңбек ардагерлерінен, мүмкіндіктері шектеулі жандардан, мұғалімдер, дәрігерлер мен жұртшылық өкілдерінен құралды. Отырысты ашқан Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті, оның басты мақсаты — әрбір адамның әл-ауқатын арттыру. Делегация мүшелері сөз сөйлеп болғаннан кейін, облыс тұрғындары өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, оларға нақты жауаптарын алды.

Жұмыс сапарының келесі нысаны Тараз қаласындағы №5 қалалық емхана болды, онда Жамбыл облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (АМСК) мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 30 аурухана мен 148 амбулаторлық-емханалық ұйым медициналық көмек көрсетеді. Жалпы дәрігерлер құрамындағы АМСК дәрігерлерінің үлесі 60,4% құрайды. МЖӘ 31 жобасы іске асырылуда. Облыста республикалық бюджет есебінен Тараз қаласында 200 орынға арналған облыстық онкологиялық диспансер салынып жатыр. Вице-Премьер кеңес қатысушыларының назарын алғашқы медициналық-санитарлық көмек инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына аударды.

Күннің екінші жартысында Г. Әбдіқалықова Жоғары политехникалық колледждің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысып, онда студент жастармен кездесу өткізді. Ашық интерактивті әңгіме өрбіді. Жастар мемлекеттік жастар саясатын қолдайтындарын жеткізіп, адам капиталын дамытудың негізі ретінде білімнің басымдығынан бастап, әлеуметтік-еңбек саясатының жекелеген аспектілеріне дейін өзекті мәселелерді қозғады. Жамбыл ауданынан М. Рахымжанов бірқатар сындарлы тәсілдерді ұсына отырып, әріптестерінің назарын жастарды жұмыспен қамту мәселесіне аударды.

Өңірге жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

www.primeminister.kz

Бүгін түстен кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың жетекшілігімен Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында Жамбыл облысына барды.

Жұмыс тобының құрамында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е. Жылқыбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов болды.

Жұмыс сапасының бірінші пункті Тараз қаласындағы аз қамтылған отбасылар болды. Мәселен, зейнеткер жұбайымен мектеп жасындағы алты баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана А. Науатоваға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің белгіленуі туралы түсіндірілді. 1 сәуірден бастап АӘК қайта есептеледі, енді олар 144 мың 600 теңге алатын болады.

Премьер-Министрдің орынбасары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрімен бірге Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын тексерді, мұнда 621 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Биылғы жылдың 1 тоқсанында азаматтарға 20 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар Үкіметтік жұмыс тобының мүшелері Тараз қаласындағы Жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысып, АӘК белгілеу алгоритмін қарастырды. 2018 жылы 12 мыңнан астам адам түрлі қызметтер алған. Жалпы облыс бойынша 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамту 5999 адамды құрады. 1903 тұрақты жұмыс орны құрылды, ақы төленетін қоғамдық жұмыстарға 2277 адам тартылды.

Сапар соңында Гүлшара Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдады. Атап айтқанда, Байзақ ауданынан Әли Қоштай бизнес ашу үшін несие алуда көмек беру өтінішін жеткізді. Ол Өнімді жұмыс пен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша оқытылып, сертификат алған. Оның мәселесі оң шешілді, вице-премьер өңір басшылығына нақты тапсырма берді.

Бұл уақытта жұмыс тобының басқа мүшелері облыстағы түрлі ұйымдарға барды. Мәселен, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева Жуалы ауданын, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Тараз қаласындағы энергетика, құрылыс және ТКШ нысандарын аралады. Олар емханаларға, ауруханаларға, құрылыс алаңдарына, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарында болып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, құрылысшылармен, сонымен қатар ауыл тұрғындарымен кездесті.

Бұдан өзге, олар еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша нақты түсініктер берді.

Жамбыл облысына жұмыс сапары жалғасады.

www.primeminister.kz

Үкімет Қаулысымен Жақыпова Фатима Надырқызы Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ф. Жақыпова 1968 жылы Алматы қаласында туған.

1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 2009 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті жүйесінде түрлі қызметтер атқарды. 2001 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры болып тағайындалды. 2008 жылдан 2011 жыл аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры болды. ҚР Білім және ғылым миинистрлігінде департамент директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарды.

2014 жылдан 2016 жыл аралығында Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат Жоғарғы мектебінің атқарушы директоры болды.

2016 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметін атқарды.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор. «Құрмет» орденімен марапатталған.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың бастауымен үкіметтік делегация Шымкент қаласында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстарын жалғастырды.

Вице-премьер бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралау аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттермен кездесу өткізді, онда мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары, сондай-ақ Жастар жылы аясындағы іс-шаралардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Г. Әбдіқалықова «Оңтүстік» АЭА-да жаңа технологиялар негізінде шұлық-ұйық, кілем бұйымдарын және аяқ-киім шығаратын «Әлем БТ» ЖШС, «LuxShoes» БК, «Бал текстиль» өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

1 сәуірдегі жағдай бойынша АЭА аумағында жалпы сомасы 29,5 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылып, 1396 жұмыс орны ашылды, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін — 1227.

Вице-премьер «Қайнар» бизнес орталығында аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Іс-шарада Г. Әбдіқалықова Елбасының сөзінен еліміздің әлеуметтік-бағдарлы мемлекет ретінде дамуы басымдыққа ие екенін атап өтті. Әлеуметтік масылдыққа жол беруге болмайды. Ол бизнес-қоғамдастықтарды аз қамтылған жұмысшыларға белсенді көмек көрсетуге, жергілікті жерде олардың өзекті мәселелерін шешуге шақырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары Қалалық аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін, олардың әлеуметтенуін, қоршаған ортаға бейімделуін ескере отырып, рухани-танымдық, емдеу-түзету жұмыстарын жүргізу арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жыл сайын 300 адам оңалту қызметін алады.

Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова «Самғау сенім» орталығында болды, онда қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар мен отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда, бұл жерден 227 адам арнайы әлеуметтік қызмет алды.

Вице-премьер қалалық Жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексерді. Жыл басынан мекеме 5810 азаматқа қызмет көрсеткен. 2437 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бүгінде 5430 бос жұмыс орны бар.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары аз қамтамасыз етілген отбасыға барып, олардың тұрмыс жағдайымен танысып, оларды қызықтыратын әлеуметтік сипаттағы сұрақтарға жауап берді.

Жұмыс сапары азаматтарды жеке қабылдау мен аяқталды. Онда 5 кішкентай баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Ә. Маманазарованың тұрғын үй мәселесі шешілді. Мамыр айында ол көптен күткен пәтерге ие болады.

Жұмыс сапары Жамбыл облысында жалғасады.

www.primeminister.kz

Бүгін күннің екінші жартысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Түркістан облысына барды.

Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ–Түрік университетінің Мәдениет сарайында көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесулер өтті.

«Бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы халықтың лайықты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға барлық шығындардың 45% бағытталды. Түрлі бағдарламалар аясында ауқымды әлеуметтік инвестициялар іске асырылуда. Ең бастысы, әлеуметтік саясат теңдестірілген және әлеуметтік асырауда болуға итермелемеуі керек», — деді Г. Әбдіқалықова.

Халықпен кездесу аяқталғаннан кейін Г. Әбдіқалықова аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша мемлекеттік шараларды түсіндіру бойынша азаматтардың жеке қабылдауын өткізді.

Түркістан облысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Күлтөбе қалашығындағы ғылыми-реставрациялық жұмыстармен танысты және мемлекеттік органдардың, ведомствоға бағынысты мекемелердің және ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кеңес барысында Қазақстанның тарихи мұрасы — Қ. А. Яссауи кесенесін сақтау мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексеріп, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету процесімен танысты. Бүгінгі таңда облыста АӘК алушылар саны 207 мыңнан 283 мың адамға дейін артты, осы мақсаттарға қаржы қажеттілігі 14 млрдтан 45 млрд теңгеге дейін өсті.

Жұмыс тобы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ базасында аудандар, қалалар әкімдерімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен, бизнес-құрылымдар, кәсіподақтық ұйымдар басшыларымен кеңес өткізді. Г. Әбдіқалықова өнеркәсіптік кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың басшыларын өздерінің табысы төмен қызметкерлерін қолдауға, тұрғын үй сатып алуға көмектесуге, оларды жөндеуге қаражат бөлуге, баспана несиелері бойынша бастапқы жарналарды төлеп беруге шақырды.

Бүгінде өңір кәсіпкерлері 11 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қазығұрт ауданының кәсіпкері С. Ертаев көп балалы Ержановтар отбасына үй сатып алып берді және Түркияда науқас баланың отбасына операция жасауға 4 млн теңге бөлді.

Жұмыс тобының мүшелері денсаулық сақтау, білім беру саласының қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді, азаматтарды қабылдады, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен құрылыс алаңдарына барды. Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Кентау қаласында болды, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева мен Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Түркістан қаласында болды.

Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетовтан құралған үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласына келді.

Ең алдымен, жұмыс тобы көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының қызметкерлерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.

Кездесуді ашқан Гүлшара Әбдіқалықова халыққа Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру бойынша үкіметтік топтың міндеттері туралы хабарлады. Ол бұл жұмыс тобы барған тоғызыншы өңір екенін атап өтті және барлық облыстарда халық мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатына түсіністікпен қарап, қолдау білдіретінін айтты.

Кездесу барысында жұмыс тобының мүшелері өз бағыттары бойынша презентациялар жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев өнімді жұмыспен қамтуды дамытуға, жеке бизнеті ашуға жәрдемдесуге, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге көңіл бөле отырып, әлеуметтік қолдау шаралары туралы әңгімелеп берді.

Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова аудиторияға білім беру жүйесін жетілдіру шаралары, білім беру қызметкерлерінің жалақысының 1 маусымнан бастап 30%-ға дейін артатыны және қоғамдағы мұғалімдердің рөлін арттыру туралы ақпарат берді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева медициналық қызметтердің сапасын арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мәселелеріне тоқталды.

Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов жалдамалы тұрғын үй салу және бөлу мәселелеріне тоқталып, тұрғын үй заемдарының жеңілдікті механизмін атап айтты.

Өз кезегінде, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Г. Кұрманбекова Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік жобалар туралы әңгімеледі. Осылайша, Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы — тұрғын үй құрылысы, 15-і — білім саласы, 36-ы – инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы – көлік инфрақұрылымы бойынша. Оларды орындау нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан өзге, мамырда «Мейірім.KZ» қайырымдылық порталы, «Шапағат», «Белсенді ұзақ өмір сүру» мүгедектерді қолдау орталығы, «Ел-көмек» әлеуметтік электронды порталы іске қосылады. Сондай-ақ, жыл сайын 1 қыркүйекке қарай 5 мың аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 40 АЕК сомасында бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Биыл олар 101 мың теңгеден алады.

Кездесу кезінде жұмыс тобының мүшелері залдағы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова 11 көп балалы отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.

Күннің екінші жартысында үкіметтік топ Түркістан облысына шықты.

www.primeminister.kz

ҚР Үкіметінің қаулысымен Жұлдыз Қажыкенқызы Омарбекова Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Жұлдыз Омарбекова 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Құқықтану маманы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Түрлі жылдары әлеуметтану пәнінен оқытушы, «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры және президенті болып жұмыс істеген. 2013–2014 жылдары Алматы Мәдениет басқармасы басшысының м.а., басшысы, 2014–2015 жылдары — Алматы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016–2018 жылдары Nur Otan партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР қоғамдық даму вице-министрі лауазымын атқарған.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Мамыр
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту