Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ЕО-тың сыртқы істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могеринимен кездесу өткізді. 

К.Мәсімов пен Ф.Могерини түрлі салалардағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция, қаржы және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары қаралды. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕО Жоғарғы өкілі Федерика Могерини Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. 

«Біздер үшін бұл айрықша оқиға. Ол үш жылға созылған зор еңбектің нәтижесі десек те болады. Бұл екінші буын Келісімі. Ол 1995 жылы қол қойылған алдыңғы Келісімді алмастырады. Осы кезеңде Қазақстан айтарлықтай дамып, еліміздегі жағдай өзгерді, сырты әлем өзгерді, сондықтан Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін жаңаша қарастырудың объективті қажеттілігі туындады», - деп түсіндірді баспасөз конференциясы барысында Е.Ыдырысов.

Оның айтуынша, жаңа құжат өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды, оның ішінде халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, қарусыздандыру, сауда, инвестициялар, инфрақұрылымды дамыту, инновациялар, мәдениет, туризм мәселелері және басқа да көптеген салалар. 

«Бұл Келісім Қазақстан стратегиясы-2050, «Нұрлы жол» Бағдарламасын, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға көмектесетініне, ал ЕО-та жинақталған тәжірибе мен білім Қазақстандағы өмір сүрудің көптеген секторларын реформалауға қатысты күш-жігердің табысты іске асуына септігін тигізетініне сенімдіміз», - деп баса айтты сыртқы саяси ведомствоның басшысы. 

Өз кезегінде Ф.Могерини Қазақстан ЕО-пен екінші буын Келісіміне қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін айтып өтті. 

«Біздің саяси және экономикалық байланыстарымыз өте мықты. Оған ЕО-тың Қазақстандағы ең ірі инвестор болып табылатындығы дәлел. Бірақ, мен аталған Келісім біздің экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңітуге және тереңдетуге айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін», - деп түйіндеді Ф.Могерини.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Учжэнь қаласындағы 2-ші Дүниежүзілік Интернет-конференцияның ашылуына қатысты.

Учжэнь саммиті қатысушыларының алдында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов биыл Интернеттің пайда болғанына 46 жыл толғанын айтып өтті. 

«50 жылға жетер-жетпес уақытта Интернет пен ақпараттық технологиялар технологиялық дамудың даңғыл жолын ашты, ол 1969 жылы АҚШ-та бір есептеу машинасынан екіншісіне «LOGIN» сөзін жіберуден басталған еді», - деді К.Мәсімов.

Бүгінгі таңда әлемде 3,2 млрд интернет пайдаланушысы бар, олардың 50% - Азияда, ал 60% астамы - дамушы елдердің азаматтары, деп атап өтті ол. 

«Интернет өмірімізді өзгертіп, ақпаратты алу мен жеткізудің, қарым-қатынас жасаудың жаңа тәсілдері пайда болды», - деді Үкімет басшысы.

К.Мәсімов дамыған елдерде интернет технологиялармен, оның ішінде мобильді және бұлтты технологиялармен, бұйымдар интернетімен (Internet of Things), ауқымды мәліметтерді өңдеу технологияларымен (Big Data) өндірістерді ықпалдастыру жұмыстары басталғанын айтты. 

«Осылайша, «төртінші индустриалдық төңкеріс» элементтері қалыптасуда, болашақта жекелеген өндірістер мен жалпы елдердің бәсекеге қабілеттілігі соған байланысты болмақ», - деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қытайда ресми сапармен жүрген Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар жан-жақты серіктестік бойынша қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастардың дамуын талқылап, өзара сенімділік пен түсіністіктің жоғары деңгейін атап өтті. 

Үкімет басшысы қытай көшбасшысына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, ҚХР-ға ресми сапармен шақырғаны үшін және Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтағаны үшін алғысын білдірді. 

Кәрім Мәсімов түрлі деңгейдегі жиі кездесулер екі ел арасындағы келісімдерді серпінді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. 

Сонымен қатар, К.Мәсімов пен С.Цзиньпин мемлекетаралық қарым-қатынастардың барлық салалары бойынша, оның ішінде сауда-экономикалық, индустриялық-инновациялық, өнеркәсіп, инвестиция салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылықтарын жеткізді. 

Бұдан өзге, К.Мәсімов ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Учжэньдегі екінші Дүниежүзілік интернет-конференцияға келген делегация басшыларының ұжымдық кездесуіне қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Бүгін Ханчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Alibaba Group басқарма төрағасы Джек Мамен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында сұхбаттасушылар төлем жүйелерін, бұлтты есептеулерді дамыту перспективаларын, сондай-ақ интернет сауданың бизнестің экспорт мүмкіндіктеріне әсерін талқылады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша К.Мәсімов Д.Маға ынтымақтастықты Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі ретінде жалғастыруды ұсынды.

Джек Ма – әлемдегі ең ірі онлайн-ритейлерлердің бірі Alibaba Group-тың негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы. Ағымдағы жылы қазан айында Джек Ма Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронның бизнес-кеңесшілерінің қатарына енді.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

 

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қытайға ресми сапары барысында Чжэнчжоу қаласына барып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің Үкімет басшылары Кеңесінің отырысына қатысты.

Бір жақты және кеңейтілген құрамдағы отырыстарда делегациялар басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, көліктік, коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің ағымдағы жағдайын, перспективаларын және шараларын қарады. 

Кеңейтілген құрамдағы отырыста сөз сөйлеген К.Мәсімов әлемдегі ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс жағдайында ШЫҰ-ның барлық елдерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін көп жақты практикалық ынтымақтастықты қарқындатуды жеделдету қажеттігі айқын екендігін айтып өтті.

«Өнеркәсіптік өндірістегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру, шетелдік инвестициялардың тұрақты ағымы үшін жағдай жасау және өзара сауданы дамыту маңызды», - деді К.Мәсімов.

Ынтымақтастықтың келесі басымдықты мәселесі ШЫҰ кеңістігінде және жалпы бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады, деп есептейді К.Мәсімов. Осыған байланысты ол ШЫҰ аясында Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды ұсынды. 

Серіктестіктің басқа да маңызды бағыттары, Үкімет басшысының пікірінше, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, инновация, туризм, спорт, сондай-ақ транзиттік-көліктік және мәдени-гуманитарлық салалар болып табылады. 

Кәрім Мәсімов 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтетіндігін еске салып, ШЫҰ мүше мемлекетердің жетекші компанияларын оған белсенді қатысуға шақырды. 

Сөз соңында К.Мәсімов «шанхай процесін» ілгерілету аясындағы жемісті әрі сындарлы өзара іс-қимылдың одан әрі дамуына сенімін білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Бірлескен коммюникеге және ШЫҰ түрлі қаржы-экономикалық құжаттарын бекіту туралы бірқатар шешімдерге қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Бейжіңде Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өткізді.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Кәрім Мәсімов қытай тарапына жылы қарсы алғандығы үшін және Қазақстанның тәуелсіздігінің 24-жылдығымен құттықтағаны үшін алғыс білдірді. 

«Үстіміздегі жыл жоғары және жоғарғы деңгейдегі өзара сапарларға толы болды, соның арқасында екі жақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне шықты. Біз мемлекеттеріміздің арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін бағалаймыз», - деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Кәрім Мәсімов Қазақстан Қытайдың бастамаларын – «Бір белдеу, бір жол», оның ішінде «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыруды жан-жақты қолдайтынын тағы да айтып өтті.

Оның пікірінше, аталған идея әлем экономикасының тұрақсыздығы жағдайында Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатымен үндес болып отыр. Осыған байланысты қос бағдарламаның мүмкін түйіндесуі бойынша Бірлескен жұмыс тобы құрылды.

Өз кезегінде, Ли Кэцян қытай тарапының мемлекетаралық қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға, оның ішінде Үкімет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне; 2015-2020 жылдарға ҚР мен ҚХР шекара ынтымақтастығы бағдарламасына; индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясында іскерлік мақсаттардағы визалар рәсімдеу туралы ҚР және ҚХР Үкіметтері арасындағы Келісім жобасына; Қазақстан-Қытай шекарасында «Сенім» жобасын жүзеге асыру туралы ҚР ҚМ МКК мен ҚХР БКБ арасындағы Хаттамаға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Бейжіңде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-на ресми сапары жалғасты.

13 желтоқсан күні Аспан асты елінің астанасында Үкімет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 3-ші отырысына қатысты. Отырысқа сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары, ірі компаниялары және қаржы институттарының басшылары қатысты.

Іс-шара қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде К.Мәсімов Қазақстан мен Қытай басшыларының бастамасымен құрылған Іскерлік Кеңес екі мемлекеттің бизнес қауымдастықтары үшін тиімді диалог алаңына айналғандығын баса айтты.

«Елдерімізді жақындастыратын бірнеше маңызды бағдарламалар бар. Біріншісі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанға сапары барысында жариялаған «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы. Екіншісі – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы. Осы екі бағдарлама бірін-бірі толықтырады деп есептейміз. Іскерлік Кеңес пен кәсіпкерлеріміздің табысты қызметі осы екі бағдарламамен байланысты», - деді К.Мәсімов.

К.Мәсімов өткен жылдың желтоқсанында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьері Ли Кэцяннің Астанаға сапары барысында Іскерлік Кеңестің кезекті отырысы өткендігін еске салды. «Онда өнеркәсіптік қуаттылықтарды Қытайдан Қазақстанға көшіру бағдарламасы туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бір жыл өткен соң осы бағдарламаның тиімді жұмыс жасап жатқандығын көріп отырмыз. Бүгін Іскерлік Кеңес аясында және ертең ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерімен келіссөздер қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындар құру туралы құжаттарға қол қойылады», - деп баса айтты Үкімет басшысы. 

Сөз соңында К.Мәсімов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен көршілікті қалыптастырудағы және нығайтудағы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгендігін айтып өтті. 

Іскерлік Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша жалпы 10 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға екі жақты коммерциялық құжаттар пакетіне қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ мен China Telecom Global Limited арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Sinopec» корпорациясы арасында өзара түсіністік Меморандумына; «Kazakhstan Petrochemical Industries, Inc» ЖШС мен China National Chemical Engineering Co. Ltd арасында Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы бойынша ЕРС-келісімге қол қойылды; түсті металлургия (мыс өндіру) Индустриялық паркі жобасы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға «Central Asia Gold corporation» ЖШС мен Shenyang Lianli Copper компанияларының басшылары қол қойды, сондай-ақ басқалары.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Цзянсу провинциясындағы Ляньюньган қаласына барды. 

Кеше, 13 желтоқсан күні, Үкімет басшысы Цзянсу провинциясының Халық Үкіметі Төрағасының м.а. Ши Тайфэнмен кездесу өткізді.

Өткізілген келіссөздер барысында сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық салалардағы, атап айтқанда Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық паркі арқылы жүк ағымын арттырудағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективалары талқыланды.

Сол күні К.Мәсімов Қазақстан-Қытай логистикалық паркінің қызметімен танысты. Сапар соңында Үкімет басшысы Ляньюньган арқылы ҚР, РФ, БР аумақтары бойынша Дуйсбург қаласына (ГФР) бағытталған алғашқы контейнерлі пойызды жөнелтті.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Бейжің шет тілдері университеті (БШТУ) жанындағы «Қазақстан орталығын» ашу рәсіміне қатысты.

«Қазақстан орталығы» Қазақстанның тарихын, тілін және мәдениетін, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге және дәріптеуге арналған көпшілік дипломатия саласындағы функционалды алаңға айналады. 

Келер жылы БШТУ базасында «Қазақ тілі және елтану» мамандығы ашылады. Алғашқы 15 қытайлық студент қыркүйек айынан бастап оқуға  кіріседі.

Бақытжан Сағынтаев БШТУ мен «Назарбаев Университет» арасында ғылыми-академиялық ынтымақтастық орнатуды ұсынды, онда Қытайды зерттеу бойынша Еуразиялық орталық құру жоспарланған.

Бейжің шет тілдері университетінің негізі 1941 жылы қаланған, қазіргі таңда аудармашы-синхроншыларды, дипломатия, сыртқы сауда саласындағы мамандарды даярлайтын әлемдік деңгейдегі мамандандырылған ең ірі оқу орындарының бірі болып табылады. Оның жанында 20-дан астам шет тілдері орталықтары жұмыс жасайды. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында САР Сянганға (Гонконг) келді.

Сапар барысында К.Мәсімов Гонконг әкімшілігінің Басшысы Лян Чжэньинмен кездесу өткізді. Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, К.Мәсімов пен Л.Чжэньин тауар айналымын арттыруға зор әлеуеттің барын айтып өтіп, көп жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге келісті.

К.Мәсімовтің Гонконгтың ірі компаниялар өкілдерімен кездесуінде екі жақты іскерлік байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. 

Бұдан өзге, сол күні Үкімет басшысы Гонконгтың ғылыми-технологиялық паркінің қызметімен танысты.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Индустрияландыру күні аясында өткен іс-шараларға қатысты. 

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы, әлеуметтік жауапкершілік бойынша «Парыз» байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.  

Премьер-Министр К.Мәсімов «Ірі кәсіпкерлік субъектілер» санатында жеңіске жеткен лауреаттар «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын» аталымы бойынша «Саутс-ойл» ЖШС-не және «Ең үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымы бойынша «Ақбұлақ» АҚ-на «Парыз» жүлдесінің алтын белгілерін табыстады. «Халық тұтынатын ең сапалы тауар өндіруші» арнайы сыйлығын К.Мәсімов «Рахат» АҚ-на табыстады. 

Жалпы биыл байқауға республикамыздың барлық өңірлерінен 541 кәсіпорын қатысты. 

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет құрылымындағы өзгерістерді таныстырды. 

К.Мәсімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігін құру және мемлекеттік қызмет істері министрі лауазымына Талғат Донақовты тағайындау туралы Жарлығын оқыды.

«Министрлік құрылымында негізгі қызметтері жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау, алдын кесу, ашу және тергеу болатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылды», - деп атап өтті К.Мәсімов.

Премьер-Министр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қайрат Қожамжаровты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы қызметіне тағайындау туралы өкімін оқыды. 

Премьер-Министр Т.Донақов пен Қ.Қожамжаровтың Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына белсенді қатысқанын баса айтты.  

«Тәжірибелеріңіздің мол екеніне және Елбасының тапсырмаларын әрдайым орындап жүргендеріңізге сенімдімін. Жаңа қызметте де барлық шешімдер орындалады деген ойдамын», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

09122015 325

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Алматыда «Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 


Бүгін, 9 желтоқсан, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Алматыда Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі және «Doing Business» Дүниежүзілік банк рейтингісінде позицияларын жақсарту бойынша ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмалары аясында жүргізілген реформаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Doing Business» бизнес жүргізуге жағдайдың жайлылығы рейтингісінде Қазақстан 2015 жылы әлемнің 189 елінің арасында 41 орынға ие болды.

Дүниежүзілік Банк Қазақстанды реформаларды ең көп жүргізген мемлекет ретінде атап өтті, он бағыттың жетеуінде 19 реформа жүргізілген.

«Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның позицияларын жақсарту аясында бизнестегі рәсімдер санын, мерзімдерді және қаржылай шығындарды қысқартуға бағытталған заңнамаға үш пакет түзетулер қабылданды. Бизнес жүргізу жағдайын жеңілдету саласындағы реформаларды имплементтеу бойынша жұмыс жалғасады. Қазіргі таңда заңнамалық түзетулердің төртінші пакеті жасақталуда. 

Рейтингтегі еліміздің позицияларын одан әрі жақсарту үшін арнайы жұмыс тобы аталған бағытта жүргізілген барлық реформаларды жүзеге асыруға мониторинг жүргізген болатын. Оның нәтижесінде кедендік рәсімдеу, кәсіпорынды тіркеу кезінде банк шотын ашу, меншікті және құрылысты тіркеу және басқа да салаларда бірқатар проблемалы мәселелер анықталды.

Кеңес қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев Алматы әкімдігіне «Doing Business» рейтингісінің бағыттарына жауапты мемлекеттік органдармен бірге аталған мәселелерді шешіп, келешекте оған жол бермеуді тапсырды.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді. 

Күн тәртібінде «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы» ҚР Президенті Жарлығының және Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жобалары талқыланып, мақұлданды. 

ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдегендей, Жалпыұлттық жоспар жобасы 10 жылға арналған мақсатты индикаторларды және бес негізгі бағыт бойынша 39 іс-шараны қамтиды.

«Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін әзірленген Дағдарысқа қарсы жоспар Мемлекет басшысының 2015 жылғы 18 қарашадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген барлық тапсырмаларын қамтиды. Сондай-ақ, Дағдарысқа қарсы жоспар «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберіндегі реформаларды тереңдету жөніндегі шараларды, 2015-2016 жылдарға арналған жедел шаралар мен «ерекше кезең», сондай-ақ экономиканы долларсыздандыру жоспарларының өтпелі іс-шараларын қамтиды», - деп мәлімдеді Экономика министрлігінің басшысы. 

Оның айтуынша, Дағдарысқа қарсы жоспар екі бөлімнен тұрады: Мемлекет басшысы Жолдауында айқындаған бес негізгі бағыт шеңберінде жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру; экономика өсімін ынталандыру және несиелеу бойынша жедел шаралар.

Өз кезегінде, бірінші бөлім қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, экономикалық бәсекелестік, жекешелендіру және ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат бойынша шараларды қарастырады.

Атап айтқанда, зейнетақы активтерін инвестициялау әдістері қайта қаралып, 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорлары активтерін жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына тапсыру тетіктері жасақталады. 

2016 жылдың сәуіріне дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа Тұжырымдамасын және 2016 жылдың тамызына дейін жаңа редакциядағы Бюджеттік кодекс жобаларын әзірлеу жоспарланған. 

Мемлекет басшысының экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. 2016 жылдың ақпанында еліміздің экономикасына инвестициялар тартуды жандандыру үшін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шараларды қарастыратын Толық жоспар қабылданады.

Жедел шаралардың негізгі бағыттары экономиканың нақты секторын нүктелік қолдау, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында басты инфрақұрылымдық жобаларды белсенді жүзеге асыру, ШОБ қолдау, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру, АӨК жобаларын жүзеге асыруды жеделдету, ИИДМБ жобаларын іске асыру, әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды қолдау болмақ. 

Аталған мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, қаржы министрі Б.Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі – Ә.Исекешев, ауыл шаруашылығы министрі – А.Мамытбеков, білім және ғылым министрі – А.Сәрінжіпов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі – Т.Дүйсенова, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» қоры басшысы Ө.Шүкеев және «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қ.Бишімбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, бірқатар облыс әкімдері сөз сөйледі.

Бұдан өзге, отырыста Жұмыспен қамту жол картасын-2020 өзектендіру және «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мәселелері қаралды. 

Отырысты қорытындылаған К.Мәсімов барлық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшыларына және облыс әкімдеріне Президенттің тапсырмаларын орындауға күш салуды тапсырды. 

Оған қоса, Үкімет басшысы 2016 жылдың бюджеті мұнай бағасы барреліне 40 доллар есебінен қалыптастырылғанын еске салып өтті. 

«Дәл бүгін мұнай бағасы барреліне 40 долларды құрады. Тағы да естеріңізге салғым келеді, Мемлекет басшысы экономика дамуының түрлі сценарийлерін, оның ішінде мұнай бағасы барреліне 30 және 20 доллар болатын жағдайларды қарастыруды тапсырған болатын», - деді К.Мәсімов.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі бүгін Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесе отырып, мұнай бағасы одан әрі төмендеген жағдайға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылғанын айтты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Архив

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту