Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің БҰҰ Бас хатшысының Орынбасары, АИВ/ЖИТС бойынша БҰҰ Біріккен бағдарламасының (ЮНЭЙДС) атқарушы директоры Мишель Сидибемен кездесуі өтті.

Кәрім Мәсімов Мишель Сидибемен сәлемдесіп, АИВ/ЖИТС-тің алдын алу және емдеу, эпидемиологиялық бақылау мәселелерінде біздің елімізге қолдау көрсетіп, жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде, М.Сидибе Қазақстанның ЖИТС індетімен күрестегі тиімді жұмысын атап өтіп, денсаулық сақтау саласында екі жақты ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысты, оның барысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қаралып, бекітілді.

Депутаттардың алдында сөз сөйлеген К.Мәсімов ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет әрекеттегі бағдарламалар аясында қаражатты қайта бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті.

«Біз «Нұрлы жол» бағдарламасының кейбір баптарын, ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, Үкіметтің ішіндегі кейбір қосымша ресурстарды қайта қараймыз. Қысқа мерзімді жоспарда қаражатты әлдеқайда тиімдірек пайдалануды көздеп отырмыз», - деді К.Мәсімов.

Премьер-Министрдің пікірінше, экономика өсіміне тұрғын үй құрылысы көлемін одан әрі ұлғайту жақсы серпін болмақ. Осы мақсаттағы «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бағыты ЖТҚ инфрақұрылымын жүргізу болмақ.

«Инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгеннен кейін 10 сотық жер бөлу мәселесі бұл жағдайды шешу үшін оң түзетулер енгізеді деп санаймыз. Сондықтан ресурстардың бір бөлігі жеке тұрғын үй құрылысы инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады», - деп баса айтты К.Мәсімов.

Сондай-ақ ел Президентінің тапсырмасымен Үкімет мемлекеттің экономикалық саясатына өзгерістер енгізу бойынша мәселелерін талқылауда, олар ағымдағы жылдың қыркүйегінде Парламенттің қарауына енгізіледі, деді Премьер-Министр.

Өз сөзінің соңында Кәрім Мәсімов Парламент депутаттарына ашық және конструктивті диалог үшін алғыс айтты.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бейсенбі, 16 маусымда, Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІІ Съезінің жұмысына қатысты. 

Үкімет басшысы Палата жұмысының нәтижелері мен бизнесте кездесетін проблемалы мәселелер туралы мәліметті тыңдады. Кәсіпкерліктің негізгі проблемаларының арасында жеткілікті қаржыландырудың болмауы, айналым қаражатының жетіспеуі, сұраныстың және өнімді өткізу нарықтарының қысқаруы, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан ШОБ субъектілерін тексерулер санын арттыру атап өтілген. 

Осыған байланысты К.Мәсімов Қаржы министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге тексерулер санын азайту бойынша ұсыныстарды қарап, енгізуді тапсырды. 

Сондай-ақ отандық компанияларды дамыту және қолдау мәселесі бойынша қаржы ұйымдары, ірі кәсіпорындар, бейінді комитеттер мен ҰКП облыстық филиалдарының өкілдері сөз сөйледі. 

Талқылау қорытындысын түйіндеген Кәрім Мәсімов «Атамекен» палатасы отандық кәсіпкерлердің басын қосқан ұйым ретінде танылғанын және ол арқылы бизнес қауымдастық мемлекеттік органдармен шоғырландырылған түрде диалог жүргізе алатынын атап өтті.

Премьер-Министр іскерлік топтардың жаңа Салық кодексін әзірлеп, енгізу мәселесін бірнеше мәрте көтергенін еске салды.

«Біз Мемлекет басшысына жүгіндік, ол бір жылдың ішінде Салық кодексін кәсіпкерлердің көзқарастарын ескере отырып, пысықтауға рұқсат берді. Бұл Ұлттық палатаның да еңбегі деп ойлаймын», - деп баса айтты К.Мәсімов және серіктестерін осы мәселені одан әрі талқылауға шақырды. 

Сондай-ақ К.Мәсімов осы аптада ШОБ-ті және халықты жұмыспен қамтуды қосымша қолдау мақсатында әрекеттегі бағдарламалардың ішінде ресурстарды қайта бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Бұл ақшалар нақты экономикаға түсіп, ал кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту үздік бағытта жылжуы үшін сәйкес комиссиялардың жұмысына атсалысуларыңызды сұраймын», - деді К.Мәсімов іскерлік топтардың өкілдеріне қарата сөйлеген сөзінде. 

Бұдан өзге, К.Мәсімов Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысына арналған инфрақұрылымды дамытуды қолдау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл жалпы еліміз бойынша құрылыс көлемін ұлғайтуға жақсы серпін болады. 

Өз сөзінің соңында Кәрім Мәсімов кәсіпкерлерді халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру, еңбек ресурстарының жұмылғыштығы, елді отандық бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, шикізат секторына инвестициялар тарту мәселелерін шешуге назар аударуға шақырды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кəрім Мəсімовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары аяқталды.

Кəрім Мəсімов «Ақтөбеқұрылысхиммонтаж» ЖШС мен «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС-не барып, өндіріс үдерісімен танысты жəне өнеркәсіп кəсіпорындарын қолдау, өндірістік қуаттылықтарын жүктеуді ұлғайту, отандық өнімдердің бəсекеге қабілеттілігін арттыру мəселелерін талқылады.

Сондай-ақ Премьер-Министр «Пригородный» ЖШС-не барып, онда оған агроөнеркəсіп кешенін дамыту, суармалы егіншілікті енгізу, өңірдегі мал шаруашылығы саласының экспорттық əлеуетін арттыру туралы мәлімет берді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Ақтөбеде ҚР Премьер-Министрі Кəрім Мəсімов №6655 әскери бөліміне барып, 2016 жылғы 5 маусымда лаңкестердің шабуылдауы барысында көз жұмған әскери қызметкерлер қаза тапқан орынға гүл қойды.

Әскери бөлім аумағында К.Мәсімов Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Іс-шара лаңкестік құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

«Таяуда еліміз бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер қаза тапқан қайғылы жағдайды бастан өткерді. Біз оларды аза тұтып, халықты қорғау үшін жандарын қиған полицейлер мен әскери қызметкерлердің ерлігін мақтан тұтамыз. Құқық қорғау органдарының әрекеті терроризмді тоқтатты. Өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтірді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бейбітшілік, тыныштық пен қауіпсіздік - еліміздің ең маңызды құндылығы», - деді К.Мәсімов.

ҰҚКД мен ІІД басшылары кеңес барысында Премьер-Министрді терроризммен күрес өңірлік жедел штабының жұмыс нәтижелері мен халықтың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар жайлы хабардар етті.

Талқылау қорытындысын шығарған К.Мәсімов Ақтөбе облысындағы жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттері орындалды. Енді бастысы өңірді бұрынғы режімге қайтару», - деп мəлімдеді Премьер-Министр.

Осыған қатысты К.Мəсімов жергілікті билік органдарына жұмыспен қамту, жастар саясаты жəне кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақтөбеде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді.  Іс-шараға бірқатар мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, облыс активі мен қоғам өкілдері қатысты.

Кеңес жұмысын ашқан К.Мәсімов Ақтөбеге ел Президенті Н.Ə.Назарбаевтың тапсырмасымен келгенін айтып өтті.

«Бүгін Мемлекет басшысына өңірдегі жағдай бақылауда екенін айттым. Бейбітшілік, тыныштық пен қауіпсіздік қалпына келтірілді. Бұл өте маңызды», - деді К.Мәсімов. Сонымен қатар, ол аймақта өзекті мәселелер шешіліп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданды, теракт құрбандарының туыстарына тиісті жәрдем көрсетілді деп атап өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрге ағымдағы жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, 100 нақты қадам - Ұлт жоспары, индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асуы, бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында шығарылатын өнім көлемі артқаны жайлы баяндады. 

Кеңес қорытындысы бойынша К.Мәсімов аймақты дамыту бойынша облыс басшысына бірқатар міндеттер жүктеді. Премьер-Министр әлеуметтік мәселелерді шешуге - еңбекпен қамту, мектептер мен балабақшалардың құрылысы, жастармен жұмыс мәселелеріне баса назар аударды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары жалғасуда. 

Ақтөбеде Кәрім Мәсімов Батыс-2 шағын ауданында болып, 200-пәтерлі тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның құрылысы барысымен танысты.

Балабақша МЖӘ тетігі аясында салынып жатқанын айта кеткен жөн. Мектепке дейінгі мекеме жаңа ойын құрылыстарымен және заманауи балалар жабдықтарымен жабдықталады. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге.

Өңір басшылары К.Мәсімовке тұрғын үй бағдарламасы мен МЖӘ жобаларын жүзеге асыру барысы туралы мәлімдеді. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес Мемлекет басшысының бастамасымен ағымдағы жылы өңірдегі тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан 19,2 млрд теңге бөлінген.

Ақтөбе қаласының Жұмыспен қамту орталығын аралау барысында Премьер-Министр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырумен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметімен танысты.

Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов жедел медициналық жәрдем ауруханасында болып, 2016 жылғы 5 маусымда лаңкестік акт кезінде зардап шеккендермен кездесті. Осында Премьер-Министр лаңкестердің шабуылдауы нәтижесінде жараланғандарды құтқаруға қатысқан медициналық қызметкерлерге алғыс хаттарды табыстады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында 2016 жылғы 5 маусымдағы лаңкестік актісі кезінде қаза болғандардың отбасыларына барды.

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде 2016 жылғы 5 маусымдағы лаңкестік актісі кезінде қаза тапқан Мерхан Тәжібаевтың, Михаил Матросовтың, Николай Онищенконың және Андрей Максименконың отбасыларында болып, көңіл айтты.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі кезекті отырысын өткізді. 

Отырыс жұмысын ашқан К.Мәсімов Асқар Мырзахметовты Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Жаңа вице-премьерге Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын басқару тапсырылды. Алдында оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жетекшілік еткен болатын.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ бүгін Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия мүшелері Президентке өз жұмысының аралық қорытындылары туралы баяндағанын айтып өтті. 

«Мемлекет басшысы есепті қабылдады. Тапсырмалар берілді. Кейбір мәселелер бойынша түзетулер енгізуге тура келеді. Комиссия жұмысын жалғастырады, яғни реформалар жалғасын табады», - деп мәлімдеді К.Мәсімов.

Бұдан өзге, Үкімет басшысы бүгінгі кеңес барысында Президент ағымдағы экономикалық саясатқа кейбір түзетулер енгізуді мақұлдағанын айтып өтті.

Атап айтқанда, жұмыстың маңызды бағыты өнім шығарудың қысқаруы байқалған экономика салаларында өндіріс көлемінің өсімін қамтамасыз ету болады. Осыған байланысты К.Мәсімов Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на мұнай өндіруді жоспарланған 74 млн тоннадан 75 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етуді, ал биылғы жылдың қазанында Қашаған кен орнында мұнай өндіруді бастауды тапсырды. 

«Барлық келіссөздер жүргізілді, қажетті шешімдер қабылданды. Қашаған қазан айында іске қосылуы үшін сіздер консорциуммен бірлесе осы жұмыстарды аяғына дейін жеткізулеріңіз керек», - деп тапсырды Премьер-Министр.

Бұдан өзге, мемлекеттік органдарға отандық мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы жөндеу мерзімін оңтайландыру, электр энергиясына шектік тарифтерді төмендету мүмкіндігін қарау, «ССТБК» АҚ-да темір кені шикізатын жеткізуді арттыру тапсырылды. 

«Президент алға үлкен және маңызды міндеттер қойды, нақты ресурстарды бөлуді қолдады және адамдар таяу айларда, апталарда осы шешімдердің практикалық жүзеге асуын сезінуі тиіс», - деп баса айтты К.Мәсімов Үкімет мүшелеріне қарата сөйлеген сөзінде. 

Отырыстың күн тәртібі аясында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бизнесті дамыту және қолдау мәселесі жөнінде баяндады.

Оның мәліметінше, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2016 жылы 1,3%-ға өсті. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 2015 жылдың қорытындысы бойынша 3 146 576 адамды құрады, бұл 2014 жылдан 2,8%-ға артық. Кәсіпкерлер 15 трлн 858 млрд. теңге сомаға өнім өндірді.

«Бизнестің жол картасы-2020 аясында ШОБ-ті қолдау шаралары қабылдануда. ШОБ-ті жеңілдікпен қаржыландыруға 200 млрд. теңге бөлінді. 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жаңартпалы орналастыру есебінен 260 млрд теңгеден жоғары сомаға 1 300 жоба қаржыландырылды. Бұл 740 млрд теңге сомаға өнім шығаруға, 15 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға, 66 млрд теңге бюджетке түсетін салық сомасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді ұлттық экономика министрі.

Қ.Бишімбаевтың айтуынша, а.ж. бес айында «БЖК-2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында шамамен 640 жоба субсидияланып, 64,8 млрд теңге несиелер сомасына 272 кепілдік берілді. Кәсіпкерліктің құзіретін арттыру мақсатында 7 000 астам кәсіпкер оқытылып, 600 астам кәсіпкерге 11 000 астам қызмет көрсетілді. 

«Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде а.ж. бірінші тоқсанында 37 млрд теңге сомаға салық төленді, жиынтық өнім шығару 370 млрд теңгені құрады, шамамен 8 000 жұмыс орны ашылып, сақталды. Орта есеппен алғанда, біздің бағалауымыз бойынша, «БЖК-2020» бағдарламасы аясында салынған бюджет қаражатының 1 теңгесіне 1,5 теңге салық түседі, бір қатысушыға шамамен 20 жұмыс орны құрылады және сақталады. Бағдарлама қатысушыларының орташа еңбек өнімділігі жылына 9 млн теңгені құрайды», - деді Қ.Бишімбаев.

2016 жылға арналған Дағдарысқа қарсы қосымша шаралар аясында ШОБ-тің айналым капиталына және қарыздарды қайта қаржыландыруға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатынан 200 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ 65 млрд теңге көлемінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттарын тарту жоспарланған, деді министр.

Аталған мәселе бойынша «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова мен «Атамекен» ҰКП басшысы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі.

Мүлікті жария ету бойынша науқан барысы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда мүлікті жария етуге өтініш сомасы 1,8 трлн теңгеге жетті, оның ішінде 1,6 трлн теңгесі жария етілді. Науқанның басынан бері 91 мыңға жуық азамат қатысты. 

«Бірлесіп күш сала отырып, біз банк қызметкерлері мен комиссиялар тарапынан жақсы ақпараттық сүйемелдеуге және қызмет көрсету сапасына қол жеткіздік. Жария ету мәселелеріндегі жеке қызметкерлердің біліксіздігіне қатысты сөгулер болған кезден бастап банк қызметкерлерінің, комиссиялардың және салық органдарының біліктілігі айтарлықтай артты», - деп сендірді ол. 

«Осы және басқа да факторлар тек мамыр айының өзінде банк есепшоттарына 300 млрд теңгеден астам қаржының салынуына септігін тигізді. Ақша аударымдарының орташа айлық деңгейі жыл басынан бері 160 млрд теңгеге жетті», - деп атап өтті Қаржы министрлігінің басшысы.

Қаржы министрлігі ЖАО мен ЕДБ бірге белсенді түсіндіру жұмысын жалғастыруда. Сонымен, биылғы жылдың мамыр айында БАҚ-да 800-ден астам мақала жарияланып, телевизия бойынша 41 000 астам сюжет көрсетілді, интернет-ресурстарда шамамен 2 000 мақала орналастырылды, 1 000 астам семинар мен «дөңгелек үстелдер» өткізілді.

Отырыс қорытындысын түйіндеген К.Мәсімов Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша бірқатар міндеттерді жариялады. 

Атап айтқанда, ҰҚК мүдделі органдармен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бір айдың ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қару айналымы, көші-қонды реттеу және т.б. салалардағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жасау қажет.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге бір айдың ішінде олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында проблемалы жастармен жұмыс бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарау тапсырылды.

Инвестициялар және даму министрлігіне ҰҚК, ІІМ және «Самұрық-Қазына» қорымен бірге әуежайларды, автовокзалдарды және теміржол вокзалдарын заманауи тексеру жүйелерімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптар бекіту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы жастарды еңбекпен қамту, әуежайларда, теміржол вокзалдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да өзекті мәселелер оның өңірлерге жұмыс сапарлары барысында қаралатынын айтып өтті.

«Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының жақында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларын уақытылы және сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға дербес жауапкершілік артылғанын ерекше баса айтқым келеді», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Грузия Премьер-Министрінің орынбасары, экономика және тұрақты даму министрі Дмитрий Кумсишвилимен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және тереңдету, өзара тауар айналымы көлемін арттыру, екі елдің іскерлік топтарының арасындағы байланыстарды жандандыру перспективаларын талқылады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ТМД Үкіметтері Басшылары Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Отырыс қатысушылары сауда-экономикалық, энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы интеграциялық өзара іс-қимылды дамытуға арналған мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Атап айтқанда, біржақты форматтағы отырыста делегация басшылары ТМД органдарының 2016 жылға арналған бірыңғай бюджетіне өзгертулер енгізу туралы мәселені қарады, деп мәлімдеді Атқарушы комитеттің төрағасы - ТМД Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев кеңейтілген құрамдағы отырыс барысында. 

Күн тәртібінен тыс ТМД Атқарушы комитетінің ТМД елдері Басшылары Кеңесінің Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қазандағы ұсыныстары туралы хаттама шешімін жүзеге асыру барысы жайлы мәлімет тыңдалды. 

«Осы мәселе аясында ТМД қызметін жетілдіру туралы өткір және конструктивті пікір алмасу өтті және Кеңеске ТМД елдерінің тұрақты өкілетті өкілдеріне, Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияға және ТМД Атқарушы комитетіне біржақты форматта өткен отырыс барысында айтылған барлық ескертулерді, пайымдаулар мен пікірлерді ескертуді тапсыратын хаттама шешімі қабылданды», - деді С.Лебедев, сондай-ақ ол бұл мәселе биылғы жылдың 16 қыркүйегінде Бішкекте ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінде қаралатынын айтты. 

Барлығы Достастық елдерінің түрлі салалардағы ынтымақтастығын одан әрі кеңейту және тереңдетуге бағытталған жиырмадан астам құжат жобалары қаралды.

ТМД ҮБК-нің келесі отырысы 2016 жылғы 28 қазанда Минскде өтеді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кəрім Мəсімов Түркия Республикасының Премьер-Министрі Бинали Йылдырыммен телефон арқылы əңгімелесті.

Кəрім Мəсімов түрік əріптесін Үкімет басшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жұмыста табыстар тіледі.

Əңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың ағымдағы жағдайы мен оны дамыту перспективаларын талқылады. 

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі аясында Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов әлемнің жетекші компаниялары басшыларымен бірқатар екі жақты кездесулер өткізді. 

Атап айтқанда, Үкімет басшысы мұнай-газ, тау-кен, фармацевтикалық секторлар, сондай-ақ консалтингктік фирмалар және қаржы институттары компаниялары өкілдерімен кездесті. 

Келіссөздер барысында тараптар инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, елдегі жәге әлемдегі ағымдағы экономикалық жағдай бойынша пікір алмасты. 

Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайындығын білдірді. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстанға Астана экономикалық форумына қатысуға келген Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) бас директоры Роберто Азеведомен кездесу өткізді. 

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды дамытуды талқылады. 

Кәрім Мәсімов Қазақстанның ДСҰ-на кіруі біздің өңірдегі аса жағымды инвестициялық және іскерлік ахуалы бар тұрақты және болжалды серіктес болуға шынайы берілгендігіміз туралы халықаралық қоғамдастыққа нақты белгі болуы тиіс екенін айтып өтті. 

Өз кезегінде ДСҰ бас директоры Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде атап өтілген Қазақстанның бизнес ахуалды жасқарту және инвестициялық тартымдылығын арттырудағы іс-қимылдарының тиімділігін атап өтіп, алдағы өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. 

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Архив

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту