Бүгін Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар басшыларының Астана экономикалық форумының делегаттарымен кездесуіне қатысты.

Іс-шараға ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Polpharma» қадағалау кеңесінің президенті Ежи Старак, Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Греф, ExxonMobil Development Company компаниясының президенті Нил Даффин және басқалары қатысты.

Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру барысын, сондай-ақ Астана Халықаралық қаржы орталығын іске қосқан соң ашылатын жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.

Шетел компанияларының өкілдері біздің елдің айтарлықтай іскерлік әлеуетін айтып өтті. Сонымен, Г.Грефтің пікірінше, «Қазақстан, бәлкім, инвестициялауға ең жақсы жер болып табылады».

Шетелдік сарапшылар Қазақстанда жекешелендіру жүргізу бастамасын қолдап, халықаралық тәжірибені алға тартып, оның экономикалық және әлеуметтік салаларға жағымды әсерін айтып өтті.

Кездесу соңында Кәрім Мәсімов экономикада жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерістер Қазақстанға жаңа жаһандық сын-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретінін айтты.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана экономикалық форумы жұмысының екінші күні аясында оның қатысушыларымен бірқатар екі жақты кездесулер өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары мен БҰҰ Өңірлік орталығының Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы (UNRCCA) жөніндегі басшысы Петко Драганов Орталық Азия елдері арасында халықаралық құқық қағидалары негізінде диалогты қолдауға БҰҰ және оның құрылымдарының қатысуының маңыздылығын айтып өтті.

Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қазақстан БҰҰ-ның, оның дала миссияларының, қорларының және бағдарламаларының халықаралық қауіпсіздіктің өткір қауіп-қатерлерін және дамыту саласындағы мәселелерді шешудегі жетекші рөлін мойындайтынын айтып өтті.

Экономист Иван Миклош пен Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы салықтық әкімшілік ету, сондай-ақ жекешелендіру үдерісі мәселелерін талқылады.

Polpharma S.A. Қадағалаушы Кеңесінің президенті Ежи Старакпен кездесу барысында Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту перспективалары қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана экономикалық форумының қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сакс пен Бақытжан Сағынтаев кездесу барысында Қазақстандағы экономиканы, құрылымдық реформаларды әртараптандыру мәселелерін талқылады.

SPRING Дамыту жөніндегі агенттіктің (Сингапур) төрағасы Филлип Йео мен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары сингапурлық дамыту институтының Қазақстанмен ынтымақтастығындағы мүмкін салаларды белгіледі.

Колумбия университетінің экономика профессоры, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің (ЖБИ) авторы Ксавьер Сала-и-Мартинмен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда 2018 жылға дейін ЖБИ көрсеткіштерін жақсарту бойынша шаралар Жоспарын жүзеге асыру туралы айтты. Ксавьер Сала-и-Мартин Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және біздің елдің орта және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуі бойынша өзінің сараптық пікірін білдірді. 

Монополияға қарсы реттеу арқылы экономиканы реттеуден бәсекелестікті қорғауға көшу мәселелері Экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымының Бәсекелестік комитетінің төрағасы Фредерик Женнимен кездесуде талқыланды.

Жаңарту жөніндегі комитеттің атқарушы директоры Бреттон-Вудса Марк Узан қазіргі қаржы құрылымын реформалаудың жаһандық үдерісі туралы мәлімдеді.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Писсаридеспен, экономист Артур Лаффермен, профессор доктор Клаус Мангольдпен келіссөздер жүргізді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін елордада Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астана экономикалық форумы-2016 аясында өтіп жатқан Жібек жолы елдері Форумының ашылуына қатысты.

Өз сөзінде Үкімет басшысы көне Жібек жолы әр түрлі өркениеттерді, халықтарды, мәдениеттерді және діндерді байланыстырған бірегей көпір болғанын айтып өтті. 

«Жібек жолы тек сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ. Ол сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы тәжірибенің, жетістіктер мен білімнің алмасуын ынталандырып, ғасырлар бойы «Үлкен» Еуразиядағы бейбітшілік пен сұхбаттастықтың нығаюына септігін тигізді. Соңғы онжылдық бойы Азияның дамуы азиялық өңір ішіндегі, сонымен бірге Азияның Еуропамен және Америкамен барынша тығыз өзара іс-қимылының қажеттігін көрсетті», - деп атап өтті К.Мәсімов.

Осы ретте ол «Бір белдеу - бір жол» жобасын құру бастамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде дәріс оқу барысында ұсынғанын еске салды. Бұл идеяны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады.

«Менің ойымша, «Бір белдеу - бір жол» жобасы 21 ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Ол Жер шары халқының шамамен төрттен үшін байланыстырып, біріктіреді. Жаңа трансшекаралық алыс-беріске, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастыққа септігін тигізетін өзара іс-қимыл мен кооперацияның мүлдем өзге жүйесін құрады. Демек, біздің елдеріміздің әртараптандыра түседі», - деп есептейді Кәрім Мәсімов.

«2014 жылы Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты ұсынды. Бұл бағдарлама біздің жаһандық өсім қарқынының төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауына негізделген жаңа экономикалық шынайылыққа жауабымыз болды. Бағдарламаның мақсаты - Қазақстан экономикасын жаңғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономиканың жаңа бағыттарына бейімдеу», - деп баса айтты Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов ЕАЭО пен «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын түйіндестіріп, дамыту Тұжырымдамасы жақында Ереванда өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес барысында талқыланғанын айтты.

«Тұжырымдама мен әдістер мақұлданды. Келесі аптада Астанада өтетін ЕАЭО Мемлекет басшылары кеңесінде бұл шешімдер қорытынды мақұлдауға енгізіледі», - деп қосты К.Мәсімов.

«Қазақта «алыс жол алғашқы қадамнан басталады» деген жақсы бір нақыл сөз бар. Бұл мақал Еуразияның көптеген елдерінде кездеседі. Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруде алғашқы қадамдар жасай отырып, біз бірлескен даму мен гүлденуге жол ашамыз», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Астанада Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Өңірлік конференциясы өтті. Оған Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ХВҚ басқарушы директоры Кристин Лагард, Орталық Азия елдері, Кавказ, Ресей және Белорустың экономикалық блоктарының басшылары қатысты. 

Іс-шараға қатысушылар өңірдегі ағымдағы экономикалық ахуал туралы пікір алмасып, қысқа мерзімді шоктарды еңсеру және орта мерзімді перспективадағы өсімге жәрдемдесу бойынша шараларды талқылады. Сондай-ақ ХВҚ тарапынан өңірге жәрдемдесудің мүмкін тәсілдері қозғалды. 

Конференция жұмысын ашқан Кәрім Мәсімов ХВҚ Қазақстан үшін жай ғана институционалды серіктес қана емес екенін және солай болып қалатынын айтып өтті. «Бірнеше жылда біз ХВҚ сарапшыларымен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Біз олардың қолдауын жоғары бағалаймыз және құрметтейміз», - деді Премьер-Министр Қордың миссиясына қарата сөйлеген сөзінде.

Өз сөзін жалғастырған К.Мәсімов жаһандық қаржы дағдарысы басталғалы бері шамамен 10 жыл өткенін, бірақ әлемде әлі де ахуалдың нашарлау тәуекелдері мен жаһандық тұрақтылық қауіп-қатерлері сақталғанын еске салды.

«Дағдарыс көптеген елдерде бар. Нарығы қалыптасып келе жатқан елдер капиталдың жылыстауына тап болып, шикізат тауарларына бағалар қысқаруда. Қазақстанды қоса алғанда көптеген елдер көбіне шикізат тауарлары нарықтарындағы ахуалға тәуелді», - деп баса айтты К.Мәсімов.

Оның пікірінше, қаржы және экономикалық тұрақтылықты арттыру үшін құрылымдық және макроэкономикалық сипаттағы шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ өңірдегі елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық талап етіледі, бұл табысты іс-қимылдың маңызды шарты болып табылады. Экономикалық сын-қатерлерді жеңудің тиімді шаралары ретінде К.Мәсімов инфляциялық таргеттеу мен икемді айырбас бағамы негізінде жаңа бағам және ақша-несие саясатын жүзеге асыру бойынша Қазақстанның мысалын келтірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша К.Мәсімов пен К.Лагард БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

ХВҚ басшысы Қазақстанның ақша-несие саясатын қалыптастыруда пайдаланатын әдісін қолдайтынын айтты. 

«Бұл расымен күрделі жағдай. Ел ақша-несие саясатындағы сапалы шаралар кешенін пайдалануға бел буды. Бұл шаралар дұрыс болды. Жалпы біз Қазақстанның ресми органдары пайдаланатын ақша-несие саясатын жүргізуге және өңірдегі барлық елдерге және әсіресе Қазақстанға қатысты елді өзгерген парадигмаға дайындайтын құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған тәсілді қолдаймыз», - деп баса айтты Кристин Лагард.

«Табиғи ресурстарды, табиғи байлықтарды қоғам игілігі үшін жұмсай білгені, сондай-ақ əртүрлі факторлар экономикалық өсімге ықпал ете алмайтын қолайсыз кезеңдерде резервтердің қалыптастырылғаны маған қатты əсер етті», - деді ХВҚ басқарушы директоры.

Өз кезегінде К.Мәсімов келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметі мен ХВҚ миссиясы Мемлекет басшысы белгілеген бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды талқылағанын айтып өтті.

«Қазақстан үшін бүгінде әлем экономикасының, атап айтқанда Қазақстанның алдында тұрған барлық сын-қатерлерден өтудің жалғыз мүмкіндігі – экономикалық реформаларды жалғастыру деп есептеймін. Оған қоса, біздің Мемлекет басшысы жақында реформаларды іске қосып, жүзеге асырмас бұрын оны халыққа түсіндіру қажет екенін айтқан болатын. Сондықтан, Үкіметтің алдында тұрған негізгі сын-қатер – ол реформаларды жүргізу және қатысушылармен, осы реформалар қатысты болатын компаниялармен, адамдармен нақты талқылау», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Сингапур Республикасы Мемлекеттік Сауда және индустрия министрі, Мемлекеттік Ұлттық даму министрі Ко По Кунмен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарады. 

Бақытжан Сағынтаев пен Ко По Кун өзара сауда-экономикалық және инвестициялық іс-қимылды арттыру қажеттігін айтты.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Сингапур Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың озық тәжірибесін белсенді бейімдеп келе жатқан елдердің бірі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын құру, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін енгізу, электронды үкіметті дамыту және т.б.

Келіссөздер барысында өнеркәсіптік ынтымақтастық, инфрақұрылымдық жобалар аясындағы, қаржы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен кездесу өткізді.

Тараптар ақша-несие саясатын, құрылымдық реформалар өткізуді жетілдіру саласындағы, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуының орташа мерзімді перспективалары мәселелерінің кең ауқымын талқылады.

«Сізге және Сіздің мамандарыңыздан құралған командаға ынтымақтастық, техникалық қолдау және ұсыныстар үшін алғыс айтамын», - деді К.Мәсімов.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі сыртқы жағымсыз факторларды жұмсартуға бар күш-жігерін салып жатқанын баса айтып, елдің тұрақты дамуына бағытталған институциялық реформалар аясындағы Үкімет жүзеге асырып жатқан шаралар жайлы мәлімдеді.

Сондай-ақ Кәрім Мәсімов ХВҚ мүшелеріне Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Астана Халықаралық қаржы орталығын құру туралы идеясын таныстырды.

Өз кезегінде К.Лагард Қазақстан «Ұлттық қор құрып, дұрыс жасады. Бұл талықсытпаның бір бөлігін жеңілдету үшін ақша-несие саясатында епті тәсілге мүмкіндік береді» деді.

Кристин Лагард жылы қабылдап, ХВҚ аймақтық конференциясына қатысуға шақырғаны үшін алғысын айтты.

«Бұл керемет бастама деп есептеймін. Меніңше, оны пайдалы форумға айналдыруға болады, ол жерде қаржы министрлері аймақтық деңгейде бір-бірімен сұхбаттаса алар еді», - деп атап өтті ХВҚ басшысы.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

Жұма күні, 20 мамырда, Ереванда Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кəрім Мəсімов баспасөзге мəлімдеме жасады.

Кəрім Мəсімов кеңес отырысында 31 мамырда Астанада өтетін ЕАЭО қатысушы елдері Басшыларының кездесуі қарсаңындағы бірқатар маңызды мəселелер талқыланғанын айтып өтті.

Атап айтқанда, Үкіметтер басшыларының деңгейінде ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарын қалыптастыру Тұжырымдамасының жобасы келісілді. 

«Мен бұл өте ұзақ талқыланған негізгі құжаттардың бірі деп есептеймін», - деп баса айтты К.Мəсімов.

Сондай-ақ кеңесте ЕАЭО Кедендік кодексі мәселелері мен оны қабылдау мерзімдері талқыланды. 

«Бүгін 12 тамызда Сочиде және 28 қазанда Минскте өтетін алдағы екі кеңесте біз Кедендік кодекстің жобасын жəне одан əрі дамуға маңызды бірқатар құжаттарды аяқтауға тырысамыз деген шешім қабылданды», - деп түсіндірді ҚР Премьер-Министрі.

Отырыс қорытындысын түйіндеген Кəрім Мəсімов бүгінгі кездесу конструктивті диалог режимінде өткенін айтып өтіп, ЕАЭО-ның ілгерілемелі дамуына сенім білдірді.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Ереванда Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қырғызстанның Премьер-Министрі Сооронбай Жээнбековпен кездесу өткізді.

Сұхбаттасу барысында тараптар ағымдағы мәселелер мен сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, қаржы және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Қазақстанның Үкімет басшысы қырғыз әріптесін осы лауазымға тағайындалуымен құттықтап, жұмыста табыстар тіледі.

Кәрім Мәсімов өзара тиімді екі жақты ынтымақтастықты ілгерілемелі тереңдетуге бағытталған жұмысты жалғастыруға үміт артып, Қазақстан Қырғызстанмен экономикалық қатынастарды дамытуға баса мән беретінін айтып өтті. 

Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов Армения Республикасы Президенті Серж Саргсяннің ЕАЭО қатысушы мемлекеттерінің Үкімет басшыларымен ұжымдық кездесуіне қатысты.  

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысына қатысу үшін Ереванға барды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Жұма күні, 20 мамырда, Ереванда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қазақстандық тараптың төрағалығымен өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысына қатысты.

Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. ЕАЭО елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту туралы мәселелерді талқылауға ерекше көңіл бөлінді.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов Қазақстан өз төрағалығының басымдықтары ретінде 2016 жылды «Одақтың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарын тереңдету жылы» етіп жариялауды ұсынғанын еске салды. 

«Қазақстан әрдайым еуразиялық интеграция «орбитасына» жаңа қатысушыларды тартуды жақтап келеді. Біздің Одақ ашық экономикалық қоғамдастық ретінде қалыптасты. Оған қоса, біз технологиялық тұрғыда дамыған және инвестициялық тартымды елдермен және одақтармен ынтымақтастыққа баса көңіл бөлуіміз қажет», - деді К.Мәсімов.

Оның пікірінше, ЕАЭО пен Еуропалық одақ арасында өзара іс-қимыл орнату жалпы континенттің экономикалық дамуының маңызды факторына айналуы мүмкін. 

«ЕАЭО пен ЕО арасында өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді мақсаты Атлантикадан Тынық мұхитына дейін бірыңғай экономикалық кеңістік құру болуы тиіс. Ол жайында біздің Президент Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.В,Путин бірнеше мәрте айтқан болатын», - деп баса айтты ол. 

«Осылайша, қазақстандық тарап интеграциялық үдерістерді біздің елдердің Шығыс пен Батыс арасындағы «байланыстырушы буын», әлем экономикасының бәсекеге қабілетті жасаушысы болуға мүмкіндік ретінде қарастырады», - деп түйіндеді Кәрім Мәсімов. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің макроэкономикалық саясатының 2016-2017 жылдарға арналған Негізгі бағдарларын мақұлдады. Өзара іс-қимылдың бағыттарын жүзеге асыру макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық өсімді қалпына келтіруге және серіктес елдерді одан әрі дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, уақытша санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларды енгізу кезінде ЕАЭО мүше мемлекеттердің құзіретті органдарының өзара іс-қимылы Тәртібі қаралды. Бұл құзіретті органдар арасында уақытылы ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.   

Медициналық өнімдердің ортақ нарығын қалыптастыру аясында Медициналық өнімдерге зерттеу жүргізу Ережелері және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін медициналық өнімдерді қолдануды тоқтату немесе тыйым салу бойынша шараларды қолдану Тәртібі талқыланды. Медициналық өнімдер өндірісінің, тіркеудің бірыңғай ережелерімен ортақ нарық құру медициналық өнімдерді ЕАЭО елдерінде өзара жеткізу кезінде артық кедергілерді жоюға бағытталған.

 

ҚР Премьер- Министрінің Баспасөз қызметі

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесі Ерболат Досаевты холдинг басқармасының төрағасы етіп сайлады. Жаңа басшыны ұжымға бүгін Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов таныстырды. 

Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру және мемлекеттік даму институтының одан әрі өркендеуі мақсатында бар күш-жігерін салатынына сендірді. 

Кәрім Мәсімов «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа жемісті жұмысы үшін алғысын айтып, оған жаңа қызметінде табыс тіледі.

Естеріңізге салсақ, Қ.Бишімбаев ҚР Президентінің Жарлығымен ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.

 

ҚР Премьер- Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында жер реформасы бойынша Комиссия құру туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру барысы қаралды.

Аталған мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев баяндады.

Комиссия құрамына Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, агробизнестің, салалық қауымдастықтардың өкілдері, ғалымдар және азаматтық белсенділер кіреді.

Сонымен қатар, өңірлерді де көптеп қамту үшін Комиссия жұмысына қоғамдық кеңестер де тартылатын болады.

Сондай – ақ, отырыста Комиссия жұмысын ұйымдастыру мәселесі бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың хабарламалары тыңдалды.

Комиссияның саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен және өңірлермен өзара іс-қимылы туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Комиссия жұмысындағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келе, Кәрім Мәсімов Комиссия жұмысының еліміз жұртшылығы үшін маңыздылығын атап көрсетті. Үкімет басшысы осыған байланысты ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Комиссия жұмысының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын ұйымдастырып, өңірлерде тиісті ақпараттық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

 

ҚР Премьер- Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен РФ Үкіметі Төрағасы Дмитрий Медведев телефон арқылы әңгімелесті. 

Әңгіме барысында Үкімет басшылары алдағы байланыстар кестесін және Ереванда өтетін Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысының күн тәртібін талқылады. 

Сондай-ақ К.Мәсімов пен Д.Медведев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71-жылдығын мерекелеуге қатысты құттықтауларын айтты. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Архив

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту