Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана әуежайындағы «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағына қатысты оқиғаға байланысты кеңес өткізді.

Жиынға Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас көлік прокуратурасының, ІІМ, ҰҚК өкілдері қатысты.

Инвестициялар және даму министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрды. Оған шығарушы зауыт өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар шақырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев осы сынды әуе апатының алдын алу бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.

Азаматтық авиация комитетіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Бек Эйр» АҚ ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бұдан өзге, 29 наурыздан бастап әуе тасымалдаушы қызметінің жоспардан тыс инспекциялық тексерісі басталады.

Жиында «Бек Эйр» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов жақын арада әуе компаниясы IOSA халықаралық авиациялық аудитінен өтуге кірісетінін айтты.

2016 жылдың 27 наурызында сағат 10-нан 36 минут кеткенде Астана әуежайына №2041 рейсін орындаған «Қызылорда-Астана» бағытында ұшқан «Бек Эйр» компаниясының «Фоккер-100» ұшағы апаттық жағдайда қонды. Ұшақ бортында 121 адам, оның 116-сы жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Жапа шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша оқиғаға ұшақ шассиінің алдыңғы тіреуінің ашылмауы себеп болған.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысының активіне Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған өңірдің жаңа басшысы Алтай Көлгіновты таныстырды. 

Одан бұрын Кәрім Мәсімов облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында ҚР Президентінің Батыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына Алтай Көлгіновты ұсынуы туралы хатын оқыды. Аталған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдады. 

Премьер-Министр сондай-ақ бұрынғы әкім Нұрлан Ноғаевқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, Атырау облысы әкімі қызметінде табыстар тіледі.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы барысында Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Нұрлан Ноғаевты ұсынуы туралы хатын оқыды. Ұсынылған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдады. 

Өңірдің активімен кездесуде Үкімет басшысы Нұрлан Ноғаевты таныстырып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылғанын және Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанын хабарлады. 

Сондай-ақ К.Мәсімов облыстың бұрынғы әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетовке жемісті жұмысы үшін алғысын айтып, жаңа қызметінде табыстар тіледі.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысының активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.

Павлодарда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы барысында Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Бақауов Болат Жұмабекұлының кандидатурасын ұсыну туралы хатын оқыды.

Мәслихат депутаттары аталған кандидатураны бірауыздан қолдады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары төменгі палатаның бірінші жалпы отырысында Қазақстан Үкіметіне сенімдерін білдірді.

«Сіздердің сенім білдірулеріңіз - жеке мен үшін және Үкіметтің барлық мүшелері үшін үлкен абырой және жауапкершілік. Біз Мемлекет басшысы бағдарламалық құжаттарда белгілеген стратегиялық мақсаттарға жету бойынша жұмысты жалғастырамыз», - деді ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов халық қалаулыларының алдында сөйлеген сөзінде. 

Министрлер кабинетінің басшысы айтып өткендей, депутаттар мен Үкімет мүшелерінің өзара тиімді жұмысының арқасында «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңдар жедел түрде қабылданды.

«Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың құбылмалы шағында Мемлекет басшысы жаңа, жауапкершілігі жоғары міндеттерді алға қойып отыр және біз оны орындауға дайынбыз. Осыған байланысты, еліміздің Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және сіздерге, құрметті депутаттар, Үкімет Отанымыздың өркендеуіне бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салатынын сеніммен айтамын», - деп баса айтты ҚР Премьер-Министрі.

«Алғаш рет Мемлекет басшысы маған жоғары сенім білдіріп, Отанымыздың Премьер-Министрі етіп тағайындаған кезінде айтқанымдай, Президентіміздің сенімді көмекшісі болып қалатынымды тағы да айтып өткім келеді. Сенім білдіргеніңізге рахмет!», - деп түйді К.Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

 

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің 69-шы отырысы жұмысына қатысты.

Іс-шара барысында экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Атап айтқанда, ТМД Экономикалық кеңесінің мүшелері қатысушы елдер арасындағы Хаттама, еркін сауда аймағы туралы, мемлекеттік сатып алуларды реттеу ережелері және рәсімдері туралы Шарт, электр энергетикасы нысандарындағы апаттар жайлы ақпарат алмасу туралы Келісім, химия өнеркәсібі саласындағы ТМД мемлекеттері ынтымақтастығы Тұжырымдамасы жобаларын қарады. 

Бұдан өзге, отырыс қатысушылары атом энергиясын бейбітшілік мақсатта пайдалану саласындағы ТМД мемлекеттерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар Жоспарын, сондай-ақ Достастық мемлекеттерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау бойынша бірлескен жұмыстарының 2016-2020 жылдарға арналған Перспективалы жоспарын талқылады. Аталған құжаттар елдердің энергетика және геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған.

Кеңес мүшелері 2020 жылға дейінгі кезеңге ТМД қатысушы елдерінің инновациялық ынтымақтастығының Мемлекетаралық бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысты. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) отырысына қатысты.

Отырыста қаралған мәселелердің едәуір бөлігі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ЕАЭО органдарында Қазақстанның төрағалық етуі аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына Үндеуінде айтылған бастамаларға сәйкес келеді.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері ЕАЭО нарығындағы тосқауылдарды, алымдар мен өзге де шектеулерді жою мәселелерін талқылады, қолданыстағы шектеулердің электрондық дерекқорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Келешекте Одақ мемлекеттерінің бизнес қауымдастығы онлайн режімінде тосқауылдарды жою бойынша жұмыстар барысымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Отырыс қатысушылары келешекте өнеркәсіп саласындағы еуразиялық технологиялық платформа құру мүмкіндігін талқылады, бұл мемлекеттердің бар инновациялық әлеуетін тиімді пайдалануға, өзара тиімді өнеркәсіптік кооперация үшін негіздер қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы, «Қорғас» және «Алтынкөл» өткізу пункттері, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портының жұмысымен танысты. 

Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан өткізу пункттерін аралау барысында бірінші вице-премьер кедендік және тауарлар мен көлік құралдарын мемлекеттік бақылаудың басқа да түрлерінің процедураларын ұйымдастыру бойынша үдерістермен танысты. 

Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы автокөлік өткізу пункттерін бақылаудың техникалық құралдарын жетілдіру және жабдықтау қажеттігін айтып өтті, себебі қазіргі инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді. 

Бұдан өзге, транзиттік әлеуетті арттыру және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шекарадағы бақылаудан өту уақытын қысқарту бойынша ықпалды шаралар қабылдау қажет. 

Сапар қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары мемлекеттік органдарға сәйкес тапсырмалар берді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастық бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-ші отырысына қатысты. 

Өзбек делегациясын Өзбекстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі Рустам Азимов бастады.

Отырыс барысында өзара жеткізілетін тауарлар тізімін кеңейтуге қатысты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері, екі елдің энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Көлік саласында тараптар автокөлік, темір жол және әуе қатынасын дамытуға күш салуға келісті.

Бұдан өзге, сыртқы істер министрліктері арасында келісім-құқықтық базаны кеңейту мәселелері бойынша консультациялар өткізілді.

Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев пен Рустам Азимов тауарлар мен қызметтер саудасы, мұнай-газ секторы, көлік, туризм сияқты басымдықты салалардағы мемлекеттер ынтымақтастығын жалғастыруға ниеттестіктерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі кезекті отырысы өтті. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мүлікті жария ету бойынша науқанның барысы жайында баяндады. 

Сонымен, оның мәліметінше, қазіргі уақытта жария етуге мәлімделген мүлік сомасы еліміз бойынша 1 трлн. теңгеге жетті, оның 787 млрд. теңгесі жария етілген, оның ішінде ҚР аумағындағы мүлік - 500 млрд. теңгеге жуық, шетелдегі мүлік – 1 млрд. теңге, ақшалай қаражат - 287 млрд. теңге.

«Егер өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген (жария ету туралы) Заңның жаңа ережелеріне дейін барлығы 425 млрд. теңге жария етілсе, соңғы үш айда қосымша 362 млрд. теңге жария етілген», - деп баса айтты Қаржы министрлігінің басшысы.

Оған қоса, азаматтарға Заңның бұрынғы ережелері бойынша ақшаны жария етуге төленген 3 млрд. теңгенің 2,5 млрд. теңгеге жуығы қайтарылды. Науқан кезінде өз мүлкін жария етуге құзіретті органдарға барлығы 78 мыңға жуық адам жүгінді.


«Яғни, түзетулер науқан барысына жаңа серпін бергенін көріп отырмыз. Бұл халық тарапынан зор қызығушылықты білдіреді», - деп толықтырды өз сөзін Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банк және ЕДБ сайттарында түсінікті және қолжетімді ақпаратты жариялау арқылы ақпараттық қамту және жүргізіліп жатқан жария етуді сүйемелдеу бойынша жұмыс күшейтілгенін атап өтті.

«Өңірлер деңгейінде Ұлттық банктің филиалдары белсенді тартылған, олардың өкілдері ЕДБ-дің басты кеңселерінде және филиалдарында жария ету шарттары туралы ақпараттық материалдардың бар-жоқтығын тексереді, банктің жауапты қызметкерлерінің жүргізіліп жатқан науқан жайлы хабардарлығы дәрежесін анықтайды, азаматтардың ескертулерін жазып алады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Банктердің жұмысындағы жария ету мәселелеріне қатысты барлық анықталған кемшіліктер жайлы банк басшылары ақпараттандырылып, оларды жою бойынша нақты шаралар қолданылады», - деді Д.Ақышев.

Талқылау қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов сәйкес мемлекеттік органдарға аталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Сербияның Премьер-Министрінің орынбасары – сауда, туризм және телекоммуникация министрі Расим Ляичпен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің өзара сауда-экономикалық іс-қимылының өзекті мәселелерін, көліктік-транзиттік саладағы, құрылыстағы, ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Кездесу соңында К.Мәсімов пен Р.Ляич Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіліктерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің (ТМЫК) Бас хатшысы Рамиль Гасановпен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында мәдени алмасуды нығайту, білім, туризм саласындағы байланыстарды дамытуды қоса алғанда көп жақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев пен Рамиль Гасанов ТМЫК-не қатысушы елдердің транзиттік әлеуетін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы одан әрі дамытудың маңыздылығын баса айтты.

Қазіргі уақытта Түркі кеңесінің қамқорлығымен халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы Келісім талқылануда, оның мақсаты Каспий теңізі арқылы жүкті құрамдастырылған тасымалдау нұсқасының тиімділігін арттыру және Қытай-Еуропа бағытында транзитті арттыру болып табылады.   

ТМЫК құру туралы Келісімге 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында (Әзірбайжан Республикасы) Түркі тілдес мемлекеттер Басшыларының 9-шы Саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қол қойылды.

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Түркі кеңесінде төрағалық етеді. ТМЫК Хатшылығының штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасқан. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Дүниежүзілік банктің жақында тағайындалған Қазақстандағы Тұрақты өкілі Ато Браунмен кездесу өткізді.

Тараптар Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаларды, сондай-ақ еліміздің «Doing Business» рейтингісіндегі позициясын жақсартуға арналған реформаларды талқылады.

Бақытжан Сағынтаев келіссөздер барысында Қазақстанды Дүниежүзілік банктің «Enabling the Business of Agriculture» («Агробизнесті дамыту») есебіне қосуды ұсынды.

Зерттеу қорытындылары Үкіметке талдау жүргізуге және ауыл шаруашылығындағы бизнес жүргізуге әкімшілік кедергілерді қысқартуға, тәуелсіз сарапшылардың ұсыныстары негізінде шет елдердің табысты тәжірибесін ескере отырып, АӨК-ді дамытудың қолданыстағы бағдарламаларына өзгерістер енгізуге, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталатын бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдардың өңірлердегі отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау бойынша жұмысына баға беруге мүмкіндік береді.

«Enabling the Business of Agriculture» алғашқыесебі 2016 жылдың 28 қаңтарындажарияланды. Онда 40 елдегі 10 тақырыптық бағыт бойынша реттеуші тетіктер талданған.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапарымен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисимен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланысты кеңейту, инвестициялар, энергетика және өнеркәсіп салаларында ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов пен Абдель Фаттах Ас-Сиси қазақстандық-мысырлық Іскерлік кеңесінің жұмысына қатысты.

Кәсіпкерлерге қарата сөйлеген сөзінде К.Мәсімов «географиялық тұрғыда алыс орналасқанымен, Мысыр жүрегімізге жақын, өйткені бізді тарих, мәдениет, дін біріктіреді. Сондай-ақ, бізді Қазақстанда дүниеге келіп, Мысыр жерінде ержетіп, ұлы атанған Сұлтан Заһир Бейбарыстың есімі байланыстыратынын» айтты.

Сонымен қатар, К.Мәсімов Президент А.Ф.Ас-Сисидің қазіргі сапары және оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі «ғасырлар бойы келе жатқан сол тарихи байланыстың жалғасы» екенін атап өтті.

Өз кезегінде, А.Ф.Ас-Сиси Қазақстанның және Мысырдың іскерлік орталарын әлемдік экономикалық қауіп-сындарға қарсы тұру үшін белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

«Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін елдерімізде зор әлеует бар. Қазақстан - сауда-экономикалық қатынас саласында біз үшін маңызды стратегиялық серіктес», - деп мәлімдеді Мысыр басшысы.

Жалпы Іскерлік кеңестің жұмысына екі елдің 100-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Олар фармацевтика, туризм, сауда, мұнай және газ салаларындағы өзекті мәселелерді талқылап, көліктік логистика саласындағы өзара ықпалдастық мүмкіндіктерін қарастырды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

 

Архив

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту